"Зағип жандар лифт пайдалана алмайды": Депутат Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмағанын айтты
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан үкімет басшысы Олжас Бектеновке Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инфрақұрылымның қолжетімділік мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады. Онда іс жүзінде осал топ өкілдеріне жағдай толыққанды қамтамасыз етілмегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
"Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар қабылданған. Осы жоспар аясында барлық бейімделген нысандар тіркелген. Қолжетімділіктің интерактивті картасы әзірленген. Бұл картаға сәйкес, ерекше қажеттігі бар адамдар кез келген нысанға кедергісіз кіріп-шыға алуға тиіс. Алайда іс жүзінде, әсіресе Астана тұрғындары үшін, мұндай қолжетімділік толыққанды қамтамасыз етілмеген", – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Астанада әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының нысандары мүгедектігі бар адамдар үшін талаптарға сай емес екені анықталды.
"Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің тексеру нәтижелері бойынша 154 нысанда бірқатар кемшіліктер анықталып, 105 ескерту мен ұсыныс берілді. Негізгі мәселелер: биік табалдырықтар, тұтқасы жоқ пандустар, тактильді белгілердің болмауы, арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілмеген ванна бөлмелері және тар есіктер. Ақыр соңында 32,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді мәселені кеңінен қарастырып көрейік. Яғни мүгедектігі бар адамдар ғимаратқа кіріп қана қоймай, сол жерде қажет қызметті алу керек екенін ескерген жөн. Ал бұл қажеттіліктің орындалуы екіталай", – деді мәжіліс депутаты.
Мәжіліс депутатының сөзінше, мүгедектігі бар адамдарға арналған ғимараттарда пандустар болса да, басқа қажеттіліктер ескерілмеген. Мысалы, кассалар, банкоматтар, ақпараттық құрылғылар тым биік орналасқан, ал көру қабілеті нашар адамдарға тактильді белгілер жеткіліксіз, дыбыстық құрылғылар мен Брайль қарпі қолданылмаған.
Зағип жандар лифт пайдалана алмайды, ал есту қабілеті бұзылғандар қосымша қиындықтарға тап болады. Соған қарамастан, бұл мекемелер ресми реестрде "қолжетімді" деп көрсетілген.
"Бізге "қолжетімді орта" және "қолжетімді инфрақұрылым" терминдерін мүгедек жандарға қатысты кемсітушілік мәнінен арылтып, толыққанды және жан-жақты ұғымдарға айналдыратын уақыт жетті. Мүгедектігі бар адам дүкенге, банкке, театрға, халыққа қызмет көрсету орталығына, қонақүйге немесе басқа да ұйымға барған кезде ғимаратқа өз бетінше кіріп-шығып қана қоймай, қажет қызметтерді де ешкімнің көмегінсіз ала алатындай жағдай жасалуы қажет. Бұл талап барлық мекемелерге, яғни, мемлекеттік және жеке бизнестік ұйымдарға бірдей міндеттелуге тиіс", – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Қазақстан Халық партиясының фракциясы мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін бірнеше ұсыныс әзірледі дейді депутат.
Олар:
- Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға қатысты стандарттарды және нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау.
- Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарының жанында мүгедектігі бар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға маманданған бөлімдер құру.
- Мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Ұлттық жоспардың орындалуын бақылауды күшейту.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда метроның "Абай" станциясында көзі нашар көретін 26 жастағы жігіт рельске құлап, көз жұмғанын жаздық. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, куәгерлер оны құтқаруға тырысқаны байқалды. Полиция мен жедел жәрдем дереу жеткенімен, азаматты аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. "Абай" станциясы уақытша жабылып, пойыздар ол бекетке тоқтамайды. Метроның басқа станциялары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.