Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұйымдастырушылар өмір бойына дейін сотталады": Елімізде есірткі бизнесіне қарсы қандай шаралар жүргізілді

есірткіге қарсы күрес

Фото: ЖИ

2025 жылы елімізде 4 мың есірткі қылмысы әшкере болса, оның жартысынан көбі есірткі саудасына байланысты екен. Ішкі істер министрлігі 2,7 мыңнан астам наркобизнесті құрықтап, 40 тоннаға жуық заңсыз затты тәркілеген екен. Бұдан-ақ елде есірткі бизнесі мәселесінің өзектілігін көруге болады. Stan.kz тілшісі елде осы заңсыз бизнеске қарсы қандай шаралар жүргізілгенін және алда қандай жоспарлар барын анықтады. 

Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы әр екі жылға арналған жоспар бар екен. 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың арқасында есірткі заттарының тізбегіне 31 жаңа түр енгізілді. Соның аясында есірткіге қатысты тергеулер ұзаққа созылмауы үшін сот-сараптама органдарына 41 заманауи жабдық берілген. Осылайша сараптама жүргізу мерзімі 1 айдан 1 күнге қысқарған.

Желідегі бақылау күшейді

Ішкі істер министрлігі  "Киберқадағалау" ақпараттық жүйесін ерекше атап өтті. Себебі қазіргі таңда есірткі заттарын Telegram, даркнет және т.б. анонимді платформалар арқылы сату кеңінен тараған. Сондықтан полиция аталған ақпараттық жүйе көмегімен IT технологияларды қолдана отырып, сайттарды бұғаттап, цифрлық бақылауды күшейтеді. Осылайша 9,2 мыңға жуық есірткі сайты мен заңсыз жарнамалар бұғатталған екен.

 

Заңға өзгеріс енді

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес туралы заңға енгізілген жаңа түзетулерді атамасқа болмайды. Бұл заң 2025 жылы наурызда күшіне енген еді. Жаңа заң бойынша есірткі тасымалдаушыларға жаза жеңілдеді, оларға тіпті шартты мерзімге мүмкіндік берілді. Алайда есірткі саудасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық жаза қатаңдады. Оларға 15-20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханның сөзінше, бұл Қазақстанда синтетикалық есірткі өндірісінің төмендеуіне ықпал етті.

“Қарасора” іс-шарасы

Маусымнан бастап елдің бірнеше өңірінде "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – есірткі өсіретіндерді, заңсыз егістерді анықтау, есірткі зертханалары мен жеткізу арналарын жою, есірткі сататын қылмыстық топтардың жолын құрықтау. 

Сол кезеңнен бері 40 рет тікұшақ арқылы ұшқан. Өңірлер бойынша атқарылған шаралар:

  • Ұлытау облысында төрт адамы бар қылмыстық топтан 103 келі марихуана тәркіленді;
  • Жамбыл облысында марихуананы дайындап сатпақ болған 2 адам ұсталды. Олардан 206 келі астам есірткі анықталды;
  • Батыс Қазақстан облысында жоғары концентрациялы қарасора өсірілген жылыжай табылды. Онда 47 түп, 135 келі есірткі өсімдігі алынды;
  • Түркістан облысында үш азамат 650 келіден астам қарасора мен 48 келі көкнәр өсімдігін өсіргені үшін ұсталды;
  • Жезқазған және Сәтбаевта 43 тоннадан астам көкнәр дайындалғаны белгілі болды.

Алдын алу шарасы

Ведомоство профилактикалық жұмыстарға да мән береді. Мәселен соңғы алты айда 11 000-нан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, шамамен 1 миллион жасөспірім мен ересектер қамтылды.

"Есірткіге байланысты қылмысқа қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздік және болашақ ұрпақтарды қорғау мүддесі үшін күшейтіле береді", – делінген хабарламада.

Онымен қоса президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысына қарсы күрес штабын үкімет деңгейіне ауыстырған еді. Яғни бұл мәселеге тыңғылықты мән берілетіні байқалады. Есірткіге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру енді Ішкі істер ғана емес, бірнеше ведомоствоның мойнына жүктелмек. 

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 15:07