Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Болат Назарбаевпен байланысы бар делінген Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне үкім шығарды. Ол 15 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қаржы мониторингі агенттігінен

Деректерге сай, сотталушы орындықта 11 адам болды.

Сот шешімімен Елдос Коспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 

2023 жылдың қыркүйегінде Елдос Қоспаев пен оның топ мүшелері "AV-Construction" ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да ірі компанияларды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікпен ұсталды. Оны ұйымдасқан тобымен бірге Солтүстік Кипрде ұстап, Қазақстанға жеткізді.

Қоспаевты, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "күштік қолдаушысы" деп атайтын. Оны алаяқтық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару, рейдерлікпен айналысу, ақшаны заңдастыру және қаражатты жымқыру айыптарымен кінәлі деп тапты.

Қазақстанда компанияларды рейдерлік жолмен тартып алумен айналысқан Қоспаев басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 11 адам болған. Қылмыстық топтың мүшелері алғаш рет өткен жылдың шілде айында ұсталғаны белгілі болды. Олар Алматы, Алматы облысында және тағы үш аймақта әрекет еткен. Рейдерлер көлеңкелі бизнесті белсенді жүргізіп, одан түскен табыстарды заңдастыру мақсатында қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөліктер сатып алған.



Соттың мәліметінше, 2016 жылдың қазан айынан 2021 жылға дейінгі аралықта ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері мүліктік пайда алу мақсатында 5 ЖШС-ны рейдерлік жолмен басып алған және 1 ЖШС-ға рейдерлік жасауға дайындалған.

Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 2018-2022 жылдар аралығында ЖШС-ның 4,6 млрд.теңгеге сомасындағы мүлкін жымқырған.

Нәтижесінде "Esentai City" тұрғын үй кешеніндегі 133 тұрғын және тұрғын емес үй-жай арзандатылған бағамен өзіне, туыстарына және олармен үлестес тұлғаларға сатылған.

Осымен тоқтамай, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі К мен оның мүшелері ел аумағында контрафактілік тіркеу-бақылау маркалары бар алкогольдік өнімдерді заңсыз сатуды ұйымдастырған. Ол үшін олар өз қарамағындағы кәсіпорындарды пайдаланып, жалпы сомасы 7 млрд. теңгеден астам пайда алған.

Заңдастырылған қаражатты пайдалана отырып, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қымбат жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер сатып алып, мүлікті жалға беріп, заңсыз жолмен тапқан қаражатты депозиттеріне салып отырған.

Барлық 11 сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің, сотталушының айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, заттай айғақтар алынған тінту нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдармен дәлелденді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 28 Қаңтар, 2025 15:17
Талқылау