Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұстаздары балалардың сабаққа келмегенін ескертпеген: Алматыдағы көз жұмған үш баланың жақындары оқиға жайлы

Алматыда мектепке бара жатып, із-түссіз жоғалып кеткен оқушылардың денесі табылды. Үш бірдей жасөспірімнің білім ордасына келмегенін мектеп басшылығы туыстарына ескертпеген. Үйге оралмаған соң балаларын ата-аналары шарқ ұрып іздей бастапты. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Балалардың денесі жағадан 5 метр жерден табылған. Мұз жұқа болғандықтан үстіне сырғанауға шыққанда ойылып кетуі мүмкін. Бұл жерге кәріз құбырының қалдықтары жиналады екен.

Қалдық су жиналатын орын Теректі елдімекенін бір шақырым жерде орналасқан. Үш жеткіншектің не себепті мұнда келгені белгісіз. Нәжіс судың иісі қолқаны қабады. Балалардың денесін алғашқылардың бірі болып, марқұм Денистің туысы байқапты. Ол жасанды көлдің жағасынан алдымен балалардың сөмекесін кезіктіріпті.

"Біз топ-топқа бөлініп іздедік. Балалардың ізін көріп, сол жаққа қарай жүрдік. Шағын көлге тірелдік. Айналып іздеп жүргенде балалардың сөмкелерін таптым. Еріктілердің бірі мұзға жарық түсіріп олардың суға батып кеткенін көрді. Сөмекелеріндегі күнделіктерінен аты-жөндерін білдік. Сағат шамамен түнгі 3.30 болатын", - деді туысы Сайджон Сайдрохмонов. 

Ал Денис Мелников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсеғалиевтар теректі ауылындағы №184-мектепте оқыпты. Алайда балалардың сабаққа келмегені туралы ұстаздар туыстарына ескертпеген. Денистің жақындары ол мектептен оралмаған соң, дабыл қағып іздеуге кіріскен.

"Сабағы шамамен 19:30-да аяқталады, автобусқа отыруы керек болатын. Қоңырау шалып едік сөніп тұрды, біз бірден іздеуге кірістік. Достарына хабарласып, ауылдағы қуыс-қуысты, өзендерді аралып, барлық әлеуметтік желілерге хабарлама жібердік. Балалардың мектепке келмегенін бізге ешкім ескерткен жоқ. Мұғалімдер де бізбен бірге білді", - деді туысы Диана Николаева.

Құлынынан өапыда айрылып, ботадай боздаған Вадимның анасы бұл. Ұлым мейрімді, ақкөңіл, барлық баламен дос болатын, бәріне көмектесіп тұрушы еді дейді. Оған Денистің әкесі келіп балалардың жоғалып кеткенін ескертіпті. Содан таңға дейін іздеген екен.

"Кешкі сегізден таңғы жетіге дейін іздедік,. Оларды үш жарым-төрттерде таптық. Мұзды ойып, денелерін судан алып шыққанша сағат жеті болды", - деді Вадим Сизовтың анасы Олеся Сизова.

Полицейлер балалардың өліміне қатысты іс қозғап, тергеу амалдары қолға алған.

"Балалар суға түсіп қалуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармай, біз арнайы суда іздейтін мамандарды жұмылдырдық. Түні бойы балаларды іздеп шықты. Өкінішке қарай, бүгін таңғы сегіздерге жуық үш баланың өлі денесі суда табылып, сот-медициналық сараптама жасау үшін мәйітханаға жеткізілген болатын", - деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Кәріз суы жиналатын аумақ қоршалмаған. Емін-еркін кіріп шығуға болады. Тереңдігі үш метрден асатын су қоймасының не себепті қоршалмағаны белгісіз. Кеңес заманында қалдық су арнайы сорғызылып отырған екен. Кейінгі жылдары қараусыз қалған. Оған қатысты аудан әкімі тұщымды ештеме айта алмады.

"Себептерін анықтау бойынша топ құрылды. Сол топтың берген рекомендациялары бойынша біз жұмысты атқарамыз. Негізі айтып тұрмын ғой, жекеменшік територия. Жекеменшік территорияны қорғауға мүмкіншілік жоқ", - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, балалар өлімінің себебі анықталуда. Ал мектеп басшылығына шара қолданыла ма, жоқ па, ол жағы тексеру қортындысынан кейін белгілі болмақ.

Талқылау