Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұсқынсыз мүсін": Ұлытау облысында Ақселеу Сейдімбектің мүсіні ашылған соң бір тәуліктен кейін сүріліп тасталды

Ұлытау облысында халық сынынан кейін Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші ашылғанына бір тәулік өтпей жатып сүрілді. Этнограф-ғалымның құрметіне қойылған мүсінді жұртшылық "ұсқынсыз" деп сынаған еді. Әрі сәтсіз ескерткіштің ашылуына қатысқан өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы "қайда қарады?" деп наразылық білдірген. Алайда әкімдіктегілер ескерткіш Ақселеу Сейдімбектің туыстарының қаражатына жасалды деп ақталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 


Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында ескерткіші жақында ғана ашылған. Мүсіннің шымылдығы түрілгені сол еді, зиялы қауым өкілдері мен жұртшылық бірден сынға алды. Әсіресе желі қолданушылары "таяғы тізесінен келеді", "аяғын жеп қойыпты" деген сыни пкірлер қалдырған.

“Бұл жерде енді Ақаңды таба алмадық. Төрт жағынан қарадық. Ақаңды таба алмадық. Бет-келбеті де, дене тұрқы да мүлде келмейді деп айтуға болады. Ақаң келбетімен ғана емес, жүріс-тұрысымен де ұлттың ұландарына өнеге болатын тұлға еді”, –  деді журналист Ерсін Мұсабеков. 

Осы шудан кейін әкімдіктегілер сәтсіз ескеркішті бір тәулікке жеткізбей бұзып тастады. Жаңаарқа ауданының әкімдігі орнына сапалы мүсін қайта тұрғызылатынын хабарлады. Белгілі болғандай, ғалымның ескерткішін туған-туыстары өздері тапқан белгісіз мүсіншіге жасатыпты. Қаржысын да өздері көтерген.

Біз ол мүсіншінің аты-жөнін де білмейміз. Мүсіншіні ағайынымыз өзі тауып, “керемет мүсінші, ол жасап жатыр” деген соң бәріміз сеніп қалып тапсырған едік”, –деді Ақселеу Сейдімбектің ұлы Ернар Сейдімбек. 

Бұл көпшіліктің көңілінен шықпаған бірінші ескерткіш емес. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Семейдегі Мәншүк Мәметованың демеушілер қолдауымен қойылған ағаш мүсіні дау туғызып, кейін алынып тасталды. Әзірге батыр қыздың жаңа мүсіні дайын болмай шықты. Ал екі жыл бұрын Алматы облысы Бақанас ауылында 12 миллион теңгеге жасалған Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші де елдің сынынан соң алынған болатын. Денесі еңгезердей, басы кішкентай ескерткіш қайта жөнделіп, биыл шымылдығы түрілді. Ал Өскеменде сегіз жыл бұрын ұлы Абайдың ергежейліге ұқсаған ескерткіші бір тәулікке жетпей алынған. Бірақ әкімдік ақынның бұл ескерткішін "қайта жаңғыртамыз" деген уәдесін сол күйі орындаған жоқ. Қазір орны қаңырап бос тұр.

Елдегі монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия мүшесі Ринат Әбенов даулы мүсіндердің сызбасын көрмегенін айтады, яғни мүсін авторлары мемлекеттік комиссия келісімінсіз іске кіріскен. 

“Айтып отырған даулы ескерткіштер біздің комиссияның қарауына түспеді. Өз басым оның сызбасын көрген емеспін. Егер авторлар комиссиямен келісіп жасағанда, барлық жағынан кеңес беріп түзетулер енгізер едік”, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның мүшесі Ринат Әбенов.

Ринат Әбеновтің айтуынша, елде ескерткішті орнатпас бұрын алдымен туындының сызбасы мен жобасы комиссиямен қаралады. Одан кейін мәдениет министрлігі және қоғам қайраткерлерінің мақұлдауымен ескерткішті қоюға рұқсат беріледі. 

Талқылау