"Ұшу және тұрғын үй шығындары өтеледі": Қазақстандықтар Катарда заңды түрде жұмыс істей алады
Фото:depositphotos.com
Сенат депутаттары қазақстандықтардың Катарда ресми түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заңды мақұлдады. Бұл келісім аясында жұмысшыларға жол ақысы, тұрғын үй және ұшу шығындары өтеледі.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор Руслан Рүстемовтың айтуынша, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру арнайы тәртіп бойынша жүргізіледі:
• алдымен катарлық жұмыс беруші үміткерге қойылатын талаптарды, еңбек жағдайын және келісімшарт мерзімін көрсетіп, өтінім жібереді;
• кейін Катардың Еңбек министрлігі бұл өтінімдерді Қазақстанға жолдайды, ал іріктеу электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асады.
Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында екі елдің тиісті министрліктері мен елшіліктерінде тіркелетін еңбек шарты жасалады.
Катарлық жұмыс беруші міндетті түрде қызметкерге тұрғын үй немесе оның ақшалай өтемін ұсынуға; жол және ұшу шығындарын төлеуге; медициналық көмек көрсетуге; жыл сайынғы ақылы демалыс беруі тиіс.
Жұмыс беруші өз міндеттемелерінен тек екі жағдайда босатылады:
1. егер қызметкер келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып өз еркімен жұмыстан кетсе;
2. немесе қызметкер ауыр тәртіп бұзушылық жасаса, яғни ескерту мен өтемақысыз жұмыстан шығаруға себеп болатын әрекет істесе.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев мұндай бұзушылықтарға не жататынын түсіндірді.
"Қоғамдық мүддеге қайшы әрекеттерге Катар заңнамасын, мәдени және діни нормаларды бұзу жатады. Мысалы, заңсыз жиналыстарға қатысу, мемлекетке, дінге немесе ел басшылығына тіл тигізу, алкоголь мен есірткі қолдану, қоғамдық орында әдепсіз мінез-құлық таныту, еңбек тәртібін сақтамау сияқты әрекеттер", – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жұмыс сапарына дейін қазақстандықтар үш облыста арнайы оқу орталықтарында оқытылады. Онда Катар заңдары, мәдени дәстүрлері мен өмір салты түсіндіріліп, шетелде өзін қалай ұстау керектігі үйретіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу тәсілі өзгеретіні хабарланды.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
