Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұшаққа біреудің қол жүгін алып кірген: Ыстамбұл–Алматы рейсінде жолаушылар эвакуацияланды

Ұшаққа біреудің қол жүгін алып кірген: Ыстамбұл–Алматы рейсінде жолаушылар эвакуацияланды

Желіден скрин

Стамбул – Алматы бағытындағы Air Astana әуе компаниясының рейсінде күдікті жағдай орын алып, жолаушылар эвакуацияланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгердің айтуынша, ұшаққа отырғызу кезінде белгісіз әйел бірнеше жолаушыдан қол жүгін ала кетуді өтінген. Әуелде мұны ешкім түсінбесе де, кейбір жолаушылар көмектесуге келісіпті. Кейіннен ұшақ бортында белгісіз заттар мен шамадан тыс көп қол жүгі табылған.

"21:55 Ыстамбұл–Алматы рейсі. Ұшаққа отырғалы тұрғанда, қасымнан көп сөмке арқалаған, орамал таққан бір әйел жүгіріп өтті. Барлығына өтініш жасап, өзіне көмектесуді сұрады. Қасында екі жас қыз бар еді. Көптеген жолаушылар көмектесуге келісті. Мен түсінбегендей кейіп таныттым. Ішкі түйсігім сезді. Барлығымыз ұшаққа отырдық. Сөйтсек жаңалық – қол жүгінің арасына белгісіз заттар өтіп кеткен екен. Сол үшеуін рейстен түсіріп тастады. Қазір бізді эвакуациялап, тіпті экипаж мүшелері мен жолаушыларды тінтіді. Борттағы қызметкерлердің өзі абыржып қалды. Ешқашан бейтаныс адамдардың түсініксіз жүгін алмаңыздар, өтінемін. Осындай "сауапты істің" кесірінен жүздеген адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін”, – деп жазды Threads желісінде жолаушылардың бірі.

Жалпы саны 20-дан астам жүк бірлігі бортқа өтіп кеткен. Әуе қауіпсіздігі ережесіне сай, үш адам рейстен түсірілді. Барлық жолаушылар мен экипаж эвакуацияланып, жеке тексерістен өтті. Ұшақ та толықтай тексерілген.


Енді Қазақстандағы әуежайлар тасымалдауға болмайтын заттарды сақтамайды


Рейс 3 сағаттан астам кешіктіріліп, біраз уақыт бойы ұшу мәртебесі "белгісіз" деп көрсетілді. Кейін барлық тексерулерден соң жолаушылар қайта бортқа отырғызылған.

Air Astana әуе компаниясы 25 қыркүйектегі Ыстамбұл – Алматы бағытындағы KC912 рейсінде қосымша тексеру жүргізілгенін растады.

"25 қыркүйек күні Ыстамбұл – Алматы бағытындағы KC912 рейсінде қауіпсіздік қызметінің міндетті қосымша тексерісі жүргізілді. Себебі ұшақтан түсірілген жолаушыларға тиесілі 5 қол жүгін басқа жолаушылар бортқа алып кірген. Халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес барлық жолаушылар мен экипаж уақытша ұшақтан түсіріліп, тексеруден өтті", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Әуе компаниясы жолаушыларға өзіне тиесілі емес немесе ішінде не барын білмейтін жүк пен заттарды алмауға кеңес берді.

Еске салсақ, Алматы әуежайында ер адам өзін бауыздап тастамақ болғанын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 19:06
Талқылау