Рейстер неге кешігеді және жолаушы қандай құқыққа ие?
Фото: https://www.shutterstock.com/
Кейде рейс кешігіп немесе уақыты ауысып, жолаушылар қолайсыз жағдайға тап болады. Біреуінің жоспары бұзылса, енді біреуі сағаттап әуежайда күтуге мәжбүр. Осындай кезде "Неге рейс ауысты?", "Неге бір әуе компаниясы ұшып жатыр, екіншісі ұшпайды?", "Өтемақы ала аламын ба?" деген сұрақтар жиі туындайды. Stan.kz рейстердің неге кешігетінін және жолаушы өз құқығын қалай қорғай алатынын түсіндіреді.
FlyArystan әуекомпаниясының оперативті қызмет көрсету бойынша менеджері Асылхан Асанның айтуынша, рейс түрлі себепке байланысты кешігеді. Дегенмен кейбіріне әуекомпания жауапты болса, кейбіріне ықпал ете алмайды.
Әуекомпанияға байланысты емес ТОП-5 себеп
1. Ауа райы. Тұман, найзағай, қатты жел, боран, жоғары ауа қысымы, дауыл сияқты факторлар ұшақтың қауіпсіз ұшуына және қонуына тікелей әсер етеді. Ұшатын қалада күн ашық болса да, қонатын жерде ауа райы қолайсыз болуы мүмкін. Ал қыста мұз қатып қалмас үшін ұшақтың үстін арнайы сұйықпен өңдейді. Бірақ мұны қалың қар жауып, боран соғып, күн қатты суығанда істеу қиын. Осындай кезде рейс кешігуі мүмкін.
2. Құстар. Ұшақтың қозғалтқышына, тіпті, бір ғана құс кіріп кетсе де, арнайы мамандар міндетті түрде ұшақты тексереді. Кей жағдайларда қосымша диагностика, тазалау немесе бөлшектерді ауыстыру қажет болуы мүмкін.
3. Әуежай жұмысына байланысты. Кейде әуежай ұшып-қонатын жолақты жөндеу, техникалық қызмет көрсету үшін уақытша жабылады. Қыста қар мен мұздан тазартуға қосымша уақыт қажет болуы мүмкін. Салдарынан әуежайда бұл рәсімнен өту үшін кезекте тұруға тұра келеді. Кейде арнайы техника, жолаушыларды таситын автобус, басқыш жетпей қалады. Осының бәрі рейстің уақытылы орындалуына әсер етуі мүмкін.
4. Әуе кемесі мен экипаждың рұқсат деңгейі. Кейде рейстер техникалық ақауларға немесе ұйымдастырудағы себептерге байланысты емес, қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ пен экипаждың ұшуға немесе қонуға қажетті рұқсатының болмауы себеп болады.
Әрбір әуе кемесі мен экипаждың ұшу және қонуға қатысты жеке рұқсат деңгейі бар. Бұл деңгей әуе кемесінің және әуежайдың техникалық мүмкіндіктеріне (мысалы, орнатылған навигациялық жүйелер мен қону жабдықтарына), сондай-ақ ұшқыштардың дайындығына, рұқсат деңгейі мен тәжірибесіне байланысты анықталады. Яғни, олардың қандай ауа райы жағдайында рейсті орындай алатынына сол рұқсат деңгейі әсер етеді. Кей ұшақтар мен экипаж төмен көріну жағдайында да қауіпсіз қона алады, ал басқаларына қолайлырақ ауа райы қажет.
Сондай-ақ, жер бедері, қаланың орналасуы немесе әуежайдағы навигациялық жүйелерге байланысты кейбір әуежайларда ұшу және қону тек бір бағытта ғана рұқсат етіледі. Егер дәл сол бағытта жел немесе көріну деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, экипаж ауа райының жақсаруын күтуге мәжбүр болады.
Әуежай қалыпты жұмыс істеп, басқа ұшақтар ұшып-қонып жатқанына қарамастан әр экипаж өз рұқсат деңгейінің шеңберінде ғана әрекет етуі тиіс. Мұндай шектеулер ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мақсатында белгіленген.
5. Басқа да күтпеген жағдайлар. Әуежайдағы төтенше оқиғалар немесе авиациялық билік тарапынан енгізілген уақытша шектеулер де рейстердің кешігуіне немесе кейінге қалдырылуына себеп болуы ықтимал.
Әуекомпания тарапынан туындайтын себептер
Бірінші себеп – әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және тексерулер. Ұшақ әрбір рейске шығар алдында міндетті түрде техникалық тексеруден өтеді. Бұл – әуе қауіпсіздігінің негізгі талабы. Кейде рейске дайындалғанда жоспардан тыс жұмыстар анықталуы мүмкін. Ұшақ техникалық түрде толық істейтініне, қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, әуеге көтерілмейді. Себебі, жолаушылардың қауіпсіздігі – әрдайым басты орында.
Екінші себеп – өндірістік қажеттілік. Лоукостер форматында жұмыс істейтін әуекомпаниялар үшін ұшақтардың айналым уақыты өте маңызды. Мысалы, FlyArystan қолжетімді баға ұсыну үшін ұшақтарды әуежайда ұзақ аялдатпай, келесі сапарға дайындайды. Бұған небәрі жарты сағат беріледі. Ұшақ аз ғана кідіріп қалса да, "домино әсерінің" салдарынан келесі бірнеше рейс кешігіп қалуы әбден мүмкін.
“Ұшақ рейсі көбіне әуекомпания ықпал ете алмайтын жоғарыдағы себептерге байланысты кешігеді. Мысалы, биыл FlyArystan-ның кешіккен рейсінің 67%-ына сыртқы факторлар себеп болды. Әуекомпания өзі ықпал ете алатын барлық факторларды бақылап, оларды жою бағытында жұмыс жүргізеді. Себебі рейстің кешігуі ең алдымен әуекомпания үшін қосымша шығындар мен операциялық қиындықтар туғызады. Статистикаға сәйкес, 2025 жылы FlyArystan рейстерінің төрттен үшеуі дер кезінде орындалды. Бұл әуекомпанияның ұшақ рейсі тұрақты әрі кесте бойынша уақытылы ұшуы үшін атқарған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді", – дейді FlyArystan әуекомпаниясының менеджері Асылхан Асан.
FlyArystan әуекомпаниясының оперативті қызмет көрсету бойынша менеджері Асылхан Асан
Неге бір компанияның ұшағы ұшады да, екіншісі ұшпайды?
Бұл көбіне ауа райына байланысты. Әуекомпания тек ұшатын қаладағы емес, бүкіл бағыттағы және қонатын қаладағы жағдайды ескереді. Яғни, ұшатын әуежайда ауа райы қолайлы болғанымен, маршрут бойындағы немесе межелі әуежайдағы қолайсыз жағдай рейсті орындауға кедергі келтіруі мүмкін.
Рейстің орындалу мүмкіндігі мен қауіпсіздігіне қатысты соңғы шешімді әуе кемесінің командирі қабылдайды. Бұл ретте жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұрады.
Рейсі кешіккен жолаушы не талап ете алады?
Заңгер Ляззат Садықованың сөзінше, рейсі кешіккен жолаушының құқығы заңмен қорғалған.
"Рейс кешіккен жағдайда әуекомпания себебі пен күту уақытына қарай жолаушыларға түрлі қызмет түрлерін ұсынады. Мұндай қызметтерге сусын мен тамақ ұсынудан бастап билет құнын қайтаруға дейінгі шаралар кіреді. Сондықтан жолаушылар өз құқықтарын білгені абзал", – дейді заңгер.
Рейс әуекомпанияның кінәсінен:
2 сағаттан көп кешіксе, жолаушыға сусын беріледі. Сонымен қатар, ішкі және халықаралық нөмірлерге 5 минутқа дейін екі рет қоңырау шала алады немесе электрон пошта арқылы хат жібере алады.
4 сағаттан көп кешіксе, ыстық тамақ беріледі. Одан да көп уақытқа созылса, күндізгі уақытта әр 6 сағат сайын, түнгі уақытта әр 8 сағат сайын тамақ беріледі.
5 сағаттан көп кешіксе, ең жақын рейсте бос орын болса, билетін бір рет тегін ауыстыра алады. Мұндай мүмкіндік болмаса, билеттің ақшасын толық қайтарып алуға құқылы.
"Жолаушы қайтарымсыз билет сатып алды делік. Бірақ кенеттен оның жоспары өзгеріп, 25 қазанның орнына 27 қазан ұшқысы келді. Мұндай жағдайда, яғни өзінің қалауы бойынша қайтарымсыз билетін қайта өткізіп, ақшасын ала алмайды. Ал әуекомпанияның салдарынан рейс бес сағаттан көп кешіксе, билет ақшасын ала алады", – дейді заңгер.
Күндіз 8 сағаттан, түнде 6 сағаттан көп кешіксе, қонақүйден жататын орын беріледі. 7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушы ана мен бала бөлмесін сұрата алады. Қонақүй әуежайдан алыс жерде орналасса да, оған барып-келетін трансферді әуекомпания ұйымдастыруы керек.
Жолаушы бұл қызметтерді әуежайдағы әуекомпания өкілдерінен сұрай алады. Қосымша ақпаратты әуекомпанияның байланыс орталығынан немесе ресми сайтынан алуға болады.
Ал рейсі мүлдем ұшпай қалса ше?
Рейс мүлде ұшпай қалса, жолаушы басқа күнгі рейсті таңдай алады немесе билет ақшасын толық қайтара алады.
Мысалы, билетті FlyArystan-ның сайты не қосымшасы арқылы алса, "Менің сапарларым" бөлімінен өзгеріс енгізе алады. Ақша 7 жұмыс күні ішінде қайтарылады, дегенмен банк қызметіне байланысты ұзағырақ түсуі ықтимал. Ал билет басқа арналар арқылы алынса, ақшаны қайтару немесе басқа күнге ауыстыру сол платформадан жасалады.
Өтемақы сұрай ала ма?
Заңгердің айтуынша, рейс әуекомпанияға байланысты себеппен кешіксе, жолаушы кешіккен сектордағы әр сағат үшін тарифтің 3%-ын өтемақы ретінде талап ете алады. Бірақ ол билет құнынан аспайды.
Өтемақы алу үшін жолаушы "Әуе кеңістігін пайдалану туралы" заңның 86-бабына сүйеніп, өтініш жазып, әуекомпанияның поштасына немесе кеңсесіне жібереді. Компания 15 жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс.
Өтемақы төлеуден бас тартса, жолаушы e-otinish.kz сайты арқылы ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне арыз беріп, дәлелдерді тіркей алады.
Заңгер Ляззат Садықова
Рейс кешіккенде жүйке жұқармас үшін не істеу керек?
FlyArystan менеджері Асылхан Асан мынадай 5 кеңес ұсынады.
● Әуежайға ертерек келіңіз. Әсіресе, мереке күндері кезек көп болады.
● Рейс уақытын жиі тексеріп отырыңыз. Оны әуекомпанияның сайтынан не қолданбасынан білуге болады.
● Билет сатып алғанда байланыс деректерін дұрыс көрсетіңіз. Рейс бойынша ақпаратты және өзгерістерді, әуекомпания WhatsApp, SMS немесе e-mail арқылы хабарлайды.
● Әуекомпанияның ережелері мен қызметтерімен алдын ала танысыңыз. Рейс кешіккенде әуекомпания жолаушыға не ұсынатынын біліп алыңыз.
● Рейс кешіккенде қосымша шығын болса, оны дәлелдейтін құжаттарды сақтаңыз. Мысалы: тамақ, сусын, қонақүй түбіртектері. Бұл кейін өтемақыға өтініш толтырғанда қажет.
Қорытындыласақ, рейстің кешігуі – әуекомпанияның қалауы емес, мәжбүрлі шара. Мұндай жағдайлар жолаушылармен қатар әуекомпания үшін де қолайсыздықтар немесе қосымша шығындар тудыруы мүмкін, дегенмен ең басты басымдық – қауіпсіздік болып қала береді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
