Ұшақ апатын жан-жақты зерттеуге бар күш-жігерімізді саламыз: Тоқаев пен Ильхам Әлиев сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
"Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтып, Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына сабыр тіледі", — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Ильхам Әлиев іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты.
Тараптар қайғылы оқиғаның мән-жайы толықтай анықталғанша екі ел үкіметтерінің құрылымдары тығыз байланыста болады деп уағдаласты.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.
“Росавиация” басшысы Дмитрий Ядров Embraer ұшағы рейс орындау барысында Грозный қаласының әуе кеңістігі жабық болғанын, ұшақ командиріне басқа әуежайлар ұсынылғанын, бірақ ол Ақтау әуежайын таңдағанын мәлімдеді.
Еске салсақ, осыған дейін Әзірбайжан премьер-министрі қазақстандықтарға алғыс білдірген еді.