Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелі мен төрт баласы қалды": Ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандық мұнайшылар туралы не білеміз

25 желтоқсан күні Ақтау маңында болған ұшақ апаты кезінде 38 адам ажал құшты. Қаза тапқандардың қатарында мұнай саласында еңбек етіп жүрген Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесінов бар. Мұнайшылардың әріптестері марқұмдар туралы естелігін бөлісіп, отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰҚ/ Бауыржан Жұмағұлов/Сәндібек Төлесінов

Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы 1985 жылы дүниеге келген. 2008 жылы “ӨзенМұнайСервис” ЖШС жұмысқа қабылданып, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасында 4-разрядты бұрғылаушының көмекшісі болып жұмыс істеген. 

“Бауыржан Жұмабайұлы өзін адамгершілік қасиеттері мол, еңбекқор тұлға ретінде көрсетті. Ол кез келген істі түсіністікпен, асқан ыждағаттылықпен, табандылық таныта отырып орындайтын. Ол адал, әділ әрі жүрегі кең адам еді. Досқа адалдығын, жақындарына деген қамқорлығын, қоғам алдындағы жауапкершілігін ешқашан ұмытпаймыз. Жақсылыққа, адами құндылықтарға ұмтылып, адалдықтың үлгісіне айналған абзал жанның жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады”, – деп мәлімдеді “ӨзенМұнайСервис” ЖШС. 



Төлесінов Сәндібек Екібайұлы "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "МұнайФилдСервис" ЖШС механика-энергетика бөлімінде инженер болып жұмыс істеген. Яғни, көтергіштегі аспаптарды басқарған. Жаңаөзендік азамат мұнай саласында 16 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында әйелі төрт баласы қалды. 

"МұнайФилдСервис" ЖШС бас директоры Нұрлан Белшер әріптесі Сәндібек Төлесіновті сабырлы, жауапкершілігі мол азамат еді деп еске алды. 

“Жақсы жігіт еді. Сабырлы, өз ісін білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты орындайтын. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалды. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған еді. Тұңғышы мектеп бітірген, қалған үшеуі мектеп оқиды. Зейнетке шыққан анасымен бірге тұратын. Сәндібек – үйінің кенжесі. Алты ағасы мен әпкелері бар”, – дейді Нұрлан Белшер. 

Оның айтуынша, Сәндібек Төлесінов әріптесі әрі досы Бауыржан Жұмағұлов еңбек демалысына шығып, демалуға кеткен. Қазір сараптама жұмыстары жүріп жатқандықтан марқұмның денесі әлі Жаңаөзенге жеткізілген жоқ. Ақтаудағы мәйітхана алдында Сәндібектің екі ағасы бауырының денесін алып кету үшін күтіп жүр.

“ҚазМұнайГаз” компаниясының ұжымы марқұм мұнайшылардың жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтты.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды. 

Талқылау