Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ұрып-соғып, жезөкшелікке тартып, есірткі берген: 14 жасар қырғыз қызын екі әйел бірнеше ай құлдықта ұстаған

14 жасар қырғыз қызы Алтынайды (аты өзгертіліп алынды) екі әйел бірнеше ай құлдықта ұстаған. Олар кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкше ретінде сатып, қарсылық танытпауы үшін ұрып-соғып, есірткі берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Қыз сутенер әйелдерден қашып құтылғанымен, кінәлілер лайық жазасын алмаған. Айыпталушылардың бірі 100 мың сом (591 мың теңге) айыппұл төлеп құтылып кеткен. Қазір заңгерлер істі қайта қарап жатыр.

Алтынай бір жыл бұрын отбасымен Бішкекке көшіп келген. Анасы Динара қызының өзінен 10 жас үлкен қызбен танысқанын айтады. Қыз құқық қорғаушыларға жалғызсырағанын, ал жаңа танысы оған көңіл аударып, қолдау білдіргенін айтқан. Кейін ол қызды үйден қашып кетуге үгіттеген.

"Қызым жалғыз қалған. Кейін ол сол қыздарды, әлгі жеңгетайларды кезіктірген. Олардың бірі – Айка. Айнагүл оған: "Сенің барлық шығыныңды өзім көтеремін, бас-көз боламын, полицияда таныстарым бар, сен үшін бәрін істеймін" деген. Осылайша қызымды қармағына түсірген. Алайда 5-6 күннен кейін ол қызыма 20 мың сом қарыз екенін, сол ақшаны жұмыс істеп табуы керек екенін айтқан. Сөйтіп қызымды сата бастаған", – дейді жәбірленуші қыздың анасы Динара.

Анасының айтуынша, олар қызын пәтерге алып барып, күзетпен ұстаған және ер адамдарға интим қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Жезөкшелікпен айналысудан бас тартқан қызды отбасын танитынын айтып қорқытқан.

Алтынай бірнеше рет қашуға әрекеттенген. Осы жайттан кейін сутенер әйелдер қарсылық танытпауы үшін оны есірткімен ұстаған.

"Оған "тұз", "тропик", анаша сияқты есірткі түрлерін берген. Осылайша жезөкше болуға мәжбүрлеген. Ақшаны өздері (сутенерлер) алып отырған. Оны түрлі клиентке сатқан, апарған. Ол клиенттерге жалынған, 14 жаста екенін айтып көмек сұраған. Бірақ клиенттер оған көмектеспеген. Осылай жалғаса берген", – дейді жәбірленушінің анасы. 

Ата-анасы қызын бірнеше апта бойы іздеген, полицияға қызы жоғалғаны туралы арыз түсірген. Бірақ Алтынайды бірнеше айдан кейін күтпеген жерден тауып алған. Күндердің күнінде Алтынай сутенер әйелдерге өзіне қол салатынын айтқан. Мұны естіген олар қызды ұрып-соққан.

"Қызым оларға 6-қабаттан секіріп, өзіне қол салатынын айтып, шу шығарған. Шуды естіген көршілері полиция шақырған. Бүйрегінен, ішінен ұрған, айғайлаған кезде аузына кір ішкиім тыққан. Полиция келгенде әлгі қыздар қашып кеткен. Қызым болған жайтты айтып берген соң олар ұсталды", – дейді анасы.

Қазір осы істі жүргізіп жатқан құқық қорғаушылар Алтынайдың көпбалалы аз қамтылған отбасынан шыққанын алға тартады. Сол себепті оның анасы Алтынайдың тергеу кезінде және сотта қорғаушы жалдауға құқылы болғанын білмеген. Поилиция қызды онсыз да тергеуші мен прокурор қорғап жатқанын, сол себепті заңгердің еш қажеті жоқ екенін айтқан.

Соның салдарынан тергеу барысында көптеген заң бұзушылыққа жол берілген. Ешкім оған дер кезінде мән бермеген. Мәселен, полиция топтың басқа мүшелерін іздеп, ұстауға құлықты болмаған.

Отбасы мен құқық қорғаушылардың айтуынша, Алтынай сараптама кезінде өте ауыр психологиялық және физикалық күйде болған. Оған берілген есіртілердің әсері толық кете қоймаған.



Ал ұсталғандардың қорғаушысы болған және жазаны жеңілдетуге көмектескен. Айыпталушы әйелдер қыздың жасын білмегенін, сондықтан жаза жеңілдетілгенін айтқан. Сол себепті Алтынайды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қыздардың бірі қазір бостандыққа жүр. Сот түрменің орнына оған мемлекет пайдасына 100 мың сом – шамамен 1200 доллар айыппұл салған.

Сот аяқталғаннан кейін отбасы құқық қорғаушылардың көмегіне жүгінген. Қазір олар үкімге шағымданып, жазаны қатаңдатуға тырысып жатыр. Сонымен қатар іске қатысы барлар тізімін кеңейтуді талап етіп отыр.

"Бұл бір немесе екі адамның кәмелетке толмаған қыздарды пайдалануы емес. Бұл тұтас ұйымдасқан топ. Олардың өз күзетшілері, қыздарды тасымалдайтын жүргізушілері бар. Сондай-ақ есірткі жеткізетін наркокурьерлері бар. Қыздарды тартумен, сатумен айналысатындар бар. Яғни, бұл жақсы құрылған тұтас жүйе", – дейді Oasis қорының (Бішкек) құқық қорғаушысы Бегайым Жамалбекова.

Бішкектегі Oasis қорының жетекшісі Мээрим Осмоналиеваның айтуынша, қылмыстық процесте сот жүйесі жәбірленуші балалардан гөрі қылмыскерлерді көбірек қорғап отыр.

“Кейінгі кезде жыныстық эксплуатацияға қатысты қылмыстық істің барлығында көптеген қылмыскер пробациямен не болмаса айыппұлмен құтылып кетіп жатыр. Бұл дабыл қағу керек дегенді білдіреді”, – дейді ол.

Алтынай сот шешімін ауыр қабылдап, үкім шыққан соң көп ұзамай тағы да үйінен қашып кеткен. Қазір оны ата-анасы мен полиция өкілдері іздестіріп жатыр. Сондай-ақ олар жасөспірімге психологиялық және медициналық көмек қажет екенін айтады. Бұған қоса олар Алтынайды қылмыскерлер бірінші болып тауып алады деп қорқып отыр.

"Ол өзіне қаншама рет қол салуға оқталды! Оларды қамауға алса жақсы болар еді. Мен де күйзеліп жүрмін. Бірнеше күн қатарынан көз ілмеген күндерім болды, жылағым келеді. Олар бостандыққа шықса, қызыма істегендерін басқа балаларға да істейді", – дейді жәбірленушінің анасы.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха аталмыш іс бойынша 13 күдікті ұсталғанын мәлімдеді. Сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыз сараптама кезінде қысым көргенін айтып шағымданған еді. 

2024 жылдың 11 қарашасында бұл іс бойынша алғашқы үкім шықты.

2024 жылдың 13 желтоқсанында іс бойынша екінші үкім шықты.

2024 жылғы 24 желтоқсанда үшінші үкім шығарылды.

2024 жылдың 26 ​​желтоқсанында төртінші үкім шықты.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 16 Сәуір, 2025 11:27
Талқылау