Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрып-соғып, тұншықтырамыз деп қорқытты": Түркістан облысында сотқа тартылған екі жасөспірімнің ата-анасы әділдік іздейді

Видеодан скриншот

Түркістан облысында сотқа тартылған екі жасөспірімнің ата-анасы әділдік іздейді. Олар балаларымызды тергеушілер 14 күн пәтерде қинап, қылмысты мойындатқан дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан-Өзбекстан арасында жолаушы тасымалдайтын автобуста балаларға шетелдіктерден ақша алып, заңсыз шекара асырды деген айып тағылды. Бірақ шағымданушылар бұл айыппен келіспейді. Ата-аналар балаларының жазықсыз жапа шегіп жатқанын айтады.

Қылмыстық іс сотқа жеткен. Ал айыпталушы ретінде жауап беріп жатқан жасөспірімдер Қапшағайда демалып жүрген жерден жедел уәкілдер келіп, аяусыз соққыға жықты деп отыр.

“Көлікке отырғызып, Қапшағай көлігіне апарып, сол күні жағажайда ешкім болмағаннан соң бізді жағада ұрды, физикалық күш қолданды. Қабырғаның астынан ұрды, одан соң тізерлеп отырғызды да, мойыннан ұрды, сосын тіземнен тепті. Сосын  мойындамағаннан кейін бізді суға тұншықтырамыз деп қорқытты”, – деді айыпталушы.

Кәмелет жасына толмаған бозбалалар Қазақстан-Өзбекстанға арасында жүретін автобуста жолаушылардың тізімін жүргізушілерге жинақтаумен айналысқан. Ата-аналар кәмелет жасына толмаған ұлдарымызды тергеушілер 14 күн бойы ас-сусыз пәтерде қамап ұстады деп ашынады.

Тергеуші “балаңыз тек куәгер ретінде барады, бір-екі сұраққа жауап береді, осының бәрін айтады” деді. “Анамның атымен ант етейін” деп ант берді. Ақыр аяғында қаңтардан бері күдіктіден сотталушы болып жүр. Оларға жала жауып отыр. Қолында ешқандай билігі жоқ қой”, – деді жасөспірімнің анасы Махаббат Сүйіншіәлиева.

“Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Прокуратураның мәліметінше, айыптаушылардың саны екі жасөспірімді қосқанда 8 адам. Оларға жалған құжаттарды қолдан жасап, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген айып тағылған” – деді Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратура Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотына Қылмыстық кодекстің 385-бап “Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді қолдан жасау”, 394-бап “Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру” бойынша қылмыстық істер жолдаған. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Сот барысында іс бойынша қажет мән-жайлардың барлығы қаралып, сотпен тиісті құқықтық баға беріледі.

Ата-аналар судья әділетті шешім шығарады деп үміттенеді.

Еске салсақ, Шымкентте полиция қызметкері тұтқын әйелді зорлағанын жазған едік. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 08:29
Талқылау