"Фанатизм деген осы": Өзіне көмектеспек болған азаматтан қашқан орамалдағы қыз желіде сынға қалды
Фото: Видео кадрларынан скрин
Желіде қазақстандықтар Көлсайда орамалдағы бойжеткеннің өзін қайықтан түсірмек болған ер адамның қолын алмай, жеңін ғана ұстатқан видеосын сынады. Олар дінді ұстанатындардың бұл әрекетін тым фанатизм деп атады. Кейбірі өз қауіпсіздігі үшін көмек ұсынған адамға қолыңды тигізу күнә емес десе, енді бірі мұндай жағдайда дәрет бұзылатынын айтып ақтады. Stan.kz тілшісі осы орайда дінтанушы мен имамнан шариғатта әйел адамға қандай кезде тыйымдар салынатынын сұрап білді.
Орамалдағы бойжеткеннің Көлсайдағы видеосын Азамат Смайл есімді желі қолданушысы жариялады.
“Меніңше фанатизм деген – осы. Осыған ұқсас оқиға бар. 2002 жылы Меккеде Сауд Арабиясының полициясы өртеніп жатқан мектеп ішінен қыздарды шығармады. Себебі дәл сол кезде қыздардың үстінде хиджаб болмаған және ер адамдардың оларға қол тигізбеуі керек еді. Куәгерлердің айтуынша, сол кезде полицейлер “күнә” деп оқушыларды ұрып-соғып сыртқа шығармаған, өрт сөндірушілерді ішке кіргізбеген. Нәтижесінде 15 оқушы тірідей өртеніп, 50-ден астамы жарақат алды. Бұл оқиға – адамдардың діни фанатизмді өмірден қаншалықты жоғары қоятынының қорқынышты мысалы ”, – деді ол.
Желі қолданушылары да бұл жағдайды қызу талқылады.
“Мынадай да жағдай болған. Кезекшілікте тұрған гинеколог ер адам екен. Ал орамалдағы әйел оған қаралудан бас тартып, салдарынан ішіндегі баласы шетінеп кеткен”, “Мынау келіншектің қылығы біртүрлі екен. Суға құлап батып жатса не істер еді?”, “Адамдар үшін ең үлкен дін адамгершілік болса екен деймін. Паранджа да, орамал да, крест пен басқа да діни нышандар емес”, “Дәрет алған әйел ер адамның қолын ұстаса дәреті бұзылады. Қайта алуға тура келеді”, “Таңғалып отырмын” – деп жазды жұртшылық.
“Әйелдің қолы ер адамға тисе дәрет бұзыла ма?”
Stan.kz тілшісі осы жағдайға байланысты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлынан пікір сұрады. Маманның айтуынша, әйел адамдардың қолы ер адамға тисе дәрет бұзылмайды. Алайда бұлай істеу әдеп пен көрегенділіктің белгісі екен.
“Қазақтың дәcтүрінде ересек ерлер мен әйелдер өзара арақашықтық әдебін сақтайды. Оны дәстүрімізден де көре аламыз. Келіндер ер кісілерге, үлкендерге сәлем салады. Яғни өзара арақашықтықты сақтау әдебі. Ал жасы үлкен апаларымыз болса, қол беріп амандасудың еш әбестігі жоқ. Оған шариғатта рұқсат. Сондықтан бізде қолды ұстаса дәрет бұзылады деген нәрсе жоқ. Бәлкім бұл – қазақтың тектілігі, көрегендігі. Дін мен дәстүрді ұштастырып, солай әдептілікті сақтаған. Сондықтан қазақта қызға қырық үйден тыйым деген бар. Сондықтан осындай этика шараларымен қоғам, отбасы, өмір дұрыс болады. Жер дауы, жесір дауы болмас үшін қазақ осындай әдепті ерлерге де, әйелдерге де қойған”, – деді Елбек Тасболатұлы.
Ең маңыздысы – адам өмірі мен қауіпсіздігі
Ал дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлы Болатжан болса әйелдердің мұндай әрекетін діни фанатизмге теңеді. Айтуынша, шариғатта ең маңыздысы – адам өмірі мен қауіпсіздігі.
“Әлбетте бұл – діншілдіктің көрінісі. Бөтен ер мен әйел бір бірін ұстамауға тиіс деген ереже буквализмге жақын. Бұл ереженің негізгі мақсаты – азғындық пен зинақорлықтың алдын алу. Алайда адамға көмектесу мақсатында қол ұшын созуда еш әбестік жоқ. Мәселе – ниетте.
Исламда адам өмірі басты құндылықтардың бірі. Құранда абсолютті тыйымдар аз. Мәселен, аштан өлейін деп жатсаң, шошқа етін де жеуге болады. Одан бөлек, Құранда әйел заты хиджаб кисін деп те айтылмаған. "Хиджаб" сөзі Құранда 7 рет кездеседі. Алайда бірде бір рет әйел адамның киімі мағынасында кездеспейді. Оның құрани мағынасы - "шымылдық, перде". Шаш жабу дәстүрі исламға дейін де болған. Исламға дейінгі көпқұдайшыл араб қоғамында орамалды тек азат әйелдерге тағуға рұқсат болған. Ал күңдерге тыйым салынған. Сол дәстүр исламнан кейін де қалып қойған”, – деді маман.
Әл-Фараби Нұрбекұлы орамал тарихта діни міндет емес, әлеуметтік деңгейді білдіретін құрал болғанын алға тартты.
“Мәселен, халифа Омар орамал таққан күңді көргенде оны ұрып, орамалын шешіп тастайтын. Тағы мысал, фиқһ бойынша күңдер намазын орамалсыз оқиды, оның шашы "әуретке" жатпайды делінеді. Яғни бұл әу баста тек әлеуметтік маркер болған. Сосын ортағасырлық теологтар оған діни сипат берді.
Ал Меккеде қыздарды хиджабсыз деп өртеніп жатқан ғимараттан шығармай қоюы – Алла алдында үлкен қылмыс пен күнә. Себебі қыздарды оттан шығармай өртке қайтарып жіберу бұл – адам өлтірумен бірдей. Ал Құранның 5 сүре 32-аятында айтылғандай, хақсыз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең делінген.
Қазір біраз діни ережелерді қайта қарап, оларға ортағасырлық адамның көзқарасымен емес, заманауи адамның көзімен қарауға тиіспсіз”, – деп қосты дінтанушы.

Шымкенттік кәсіпкер қоғам белсендісі Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады
