"Ұрып-соғып, реанимация жасауды талап еткен": Жезқазғанда жедел жәрдем қызметкерлерін ұрған ер адам жауапқа тартылды
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшерін ұрғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Оған айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі patriotnews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Istock
Дәрігерлер шақыру бойынша Сәтбаев қаласындағы пәтерге барған. Олар әйелдің қайтыс болғанын хабарлаған. Бірақ қайтыс болған әйелдің ұлы бұған көндіге алмай екі ер дәрігерді ұрып-соққан. Соққыға жығылған фельдшер қан-жоса болып тұрса да, әйелдің ұлы оны реанимация жасауға мәжбүрлеген.
“Біз диспетчерге қоңырау түскеннен кейін 4 минутта келдік. Бірақ пәтер есігін ашқан жас жігіт әріптесім екеумізге "неге сонша ұзақ жүресіңдер?" деп айқайлады. Біз 4 минутта келген едік. Ол бізді жұдырықпен бет және бастан бірнеше рет ұрды, — деді Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының зардап шеккен жедел медициналық көмек фельдшері өткен жылдың 30 наурызында болған оқиға туралы.
Дәрігер жігіттің соққысы күшті екенін байқаған, ал кейінірек әйелдің ұлы спортпен айналысатынын білген.
“Соққы күшті болды. Бетіме қатты және күтпеген соққы жұмсағаннан кейін көзім тұманданды. Ернім жыртылды, аузым қанға толып кете берді. Бірақ ашуға булыққан жігіт бізден анасын құтқаруды талап етті, ал әйелдің жүрегі тоқтап қалған еді. Реанимациялық шаралар көмектеспеді, қайтыс болды. Әйел ауырған және денсаулығына байланысты дәрігерлердің есебінде болған”, – дейді фельдшер.
Соққыға жығылған дәрігер жедел жәрдем станциясына қайтып келді. Қайта-қайта басы айналған соң әріптестері тексеруден өту қажет екенін айтқан. Тексеру кезінде миы шайқалғаны және жараланғаны анықталды.
Мен полицияға арыз жаздым. Ол анасынан айырылып, күйзеліске ұшырағанын түсінемін. Бірақ дәрігерлерді агрессиямен және жұдырықпен қарсы алуға болмайды. Анасына көмектесу үшін жағдай жасаудың орнына ол бізді кіре сала соққылады. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Адамдарды аман алып қалу үшін саналы түрде медицина мамандығын оқыдым. Бұл салада 10 жылдан астам еңбек етіп келемін. Бірақ жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл көбейіп кеткендіктен мұнда жұмыс істеуге ниет жоқ”, – дейді фельдшер.
Полиция әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша әкімшілік материалды тіркеді. Сәтбаев қалалық сотының судьясы Серік Исабаев құқық бұзушыдан 36 225 теңге айыппұл өндіріп алды. Сондай-ақ фельдшер бірнеше миллион теңге талап етіп, сотқа арызданды. Сотта медиация рәсімі өткізіліп, судья тәртіп бұзушыны дәрігерге 200 000 теңге төлеуге міндеттеді. Бірақ осындай соманың өзін дәрігер әлі күнге дейін ала алмаған. Соққыға жыққан жігіт үнемі оны төлеуден жалтарып кететін көрінеді.
Бұған дейін Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны туралы жазған едік. Кейіннен күдікті ұсталып, екі айға қамауға алынды..