Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрған жоқ, ажыратқан": Полиция Павлодар облысының полиция орынбасары мас күйде ер адамды соққыға жықты деген айыпқа жауап берді

Павлодар облыысы полиция департаментінің орынбасары ішіп алып азаматты ұрғанФото: gov.kz

Желіде Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Думан Қожахметовтың ішімдікке мас күйде басқа бір азаматты ұрғаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция жанжал кезінде оның тек азаматтарды ажыратқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақпаратты Еgovpress Telegram арнасы таратты. Жазбада қақтығыстың  Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Думан Қожахметовке қатысты екені көрсетілген.

“Есіл ауданы бойынша 102 арнасына азамат Асылбекұлы М.-нан хабарлама түсті. Ол Мәңгілік Ел даңғылы, 23-үйдің ауласында Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Думан Қожахметовтің өзіне шабуыл жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткені туралы арызданды.

Оқиға орнына құқық қорғаушылар келген кезде, онда жәбірленуші азамат Асылбекұлы Медеу ғана болған. Ол түсіндіргендей, "Ерзо" деген мекемеде бірге ішімдік ішкеннен кейін, жәбірленушіні жоғарыда көрсетілген мекенжайға дейін жеткізіп тастаған. Вербалды жанжал кезінде азамат Думан Қожахметов және Бауыржан есімді белгісіз азамат жәбірленушіге дене жарақатын салып, оқиға орнынан жасырынған. Жәбірленуші №2 қалалық көпбейінді ауруханаға тексерілуге жеткізілді. Бет аймағында дене жарақаттары анықталды. Тексеру жүргізілуде”, – делінген жазбада 



Оқиғаға байланысты Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Алайда ведомство Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары елорда тұрғынына дене жарақатын салды деген ақпарат расталмағанын жеткізді.

"Оның әрекеттеріне қызметтік тексеріс аясында құқықтық баға беріледі. Алынған видеожазбаларға қарағанда, 7 желтоқсандағы түнгі оқиға бұрыннан таныс екі азаматтық тұлғаның арасындағы жанжал болған. Ал полиция қызметкері оларды ажыратпақ болған. Ол кезде ол демалыста жүрген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген Астана полиция департаментінің хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін оның әйелін күзетшілер J.Lo-ның концертінен көтеріп алып шыққан болатын. Кейін әйелінің үстінен тәртіпсіздік үшін іс қозғалды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 18:11