Оңтүстік Кореяның экс-президенті өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 2024 жылғы желтоқсандағы бүлік ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді бүгін Сеулдің Орталық аудандық соты шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша тек екі жаза қарастырылған: өлім жазасы немесе өмір бойына түрме. Прокуратура экс-президентке өлім жазасын сұраған. Алайда Оңтүстік Кореяда 1997 жылдан бері өлім жазасын орындауға мораторий бар.
Юн Сок Ёль 2024 жылғы желтоқсанда Конституцияны бұзып әскери жағдай енгізгені үшін бүлік ұйымдастырды деп айыпталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол “саяси қарсыластарын жаншуға” әрекеттенген. 2025 жылғы сәуірде Конституциялық сот әскери жағдай елдің негізгі заңына қайшы деп танып, осы негізде Юн Сок Ёль биліктен шеттетілген.
2024 жылғы бүлік ісі бойынша үкім экс-қорғаныс министрі Ким Ён Хёнге де шықты. Ол 30 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, Юн Сок Ёль сегіз сот процесіне айыпталушы ретінде қатысып жатыр, соның төртеуі әскери жағдай енгізумен байланысты. Ал басқа бір іс бойынша – 2025 жылғы қаңтарда президент күзеті қызметі мен құқық қорғау органдарының қақтығысы салдарынан қамауға алуға кедергі келтіру дерегі бойынша – ол биылғы қаңтарда 5 жылға сотталған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы қымбат сыйлықтар алғаны үшін түрмеге қамалғаны хабарланған еді.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады