Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы мен екі облыстан терроризмді насихаттаушыларды ұстады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратурамен бірге Алматыда және Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында терроризмді насихаттаған діни радикалдарды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰҚК
Терроризмді, оның ішінде телекоммуникация желілері арқылы насихаттады деген күдікпен 3 адам қамауға алынды.
“Екі күдікті бұған дейін денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін, қарақшылық жасап, есірткі заттарын заңсыз алып, сақтағаны үшін сотталған болып шықты. Тағы біреуі бұрын шетелдік содырлар лагерлерінде дайындықтан өтіп, Қазақстанға тапсырмамен оралған. Сөйтіп ұсталып, сотталған. Ұзақ мерзімді жазасын өтеп бостандыққа шыққаннан кейін де радикалды идеологиядан бас тартпаған”, – делінген хабарламада.
Фото: ҰҚК
Тергеу әрекеттері барысында олардың тұрғылықты мекенжайларынан діни әдебиет және басқа да заттай дәлелдемелер табылды. Қазір қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Сириядағы террорлық ұйымдардың қатарында болған екі қазақстандық қамауға алынған еді.