Ұлттық экономика министрі: Жаңа жылға таяу азық-түлік бағасы көтеріледі
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Жаңа жылға қарай азық-түлік және басқа да тауарлар бағасы қалай болатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісте ұлттық экономика министріне кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың Қытайдан импортталатын тауарлардың қымбаттауына қатысты алаңдаушылығы айтылды.
"Қытай шекарасымен байланысты мәселе біздің ведомствоға жатпайды. Бұл сауда және қаржы министрліктеріне қойылатын сұрақ. Бағаның өсуіне қатысты айтар болсам: маусымдық құбылу бар, желтоқсанда әдетте бәрі жаңа жылға дайындалады. Сол себепті белгілі бір азық-түлік өнімдері қымбаттайды", - деп жауап берді Ерғалиев.
Сондай-ақ министрден қазір дүкенде нан мен картоп қанша тұратынын сұрады.
"Нан 130 теңге тұрады, түріне байланысты. Картоп 425 теңге шамасында", - деді ол.
Бұдан бөлек, Ерғалиев қазір үкімет экономикадағы инфляциялық процестерді тежеу үшін шаралар кешенін қабылдағанын айтты. Министр әр өңірмен бағаны мониторингілеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтып сендірді.
Бұған дейін Қазақстанда 10 ай ішінде инфляция 8,9%-ті құрағаны хабарланды.