Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк Қазақстанның ЖІӨ өсіміне байланысты болжам жасады

Қазақстан Ұлттық Банкі елдің ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсуі бойынша болжамдарды қайта қарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

”2022 жылы  Ұлттық Банктің Қазақстандағы экономиканың өсуіне қатысты болжамдары іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында қайта қаралды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, ірі кен орындарында күтілетін жоспарлы жөндеу және Каспий Құбыр Консорциумында сақталып отырған белгісіздік аясында ЖІӨ динамикасы 2,5-3,5%-ға дейін баяулайды. Сұраныстың барлық құрамдас бөліктері тарапынан оң үлес күтіледі. 2022 жылғы екінші және үшінші тоқсандардағы кейбір қысқартулардан кейін бірінші тоқсанда қалыптасқан жоғары база мен жыл соңына таман өсу қарқынының қалпына келуі аясында нақты экспорт айтарлықтай үлес қосатын болады”, – делінген банк хабарламасында. 

Ұлттық банктің мәліметінше, орта мерзімді бағалау 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің өсуі аясында экспорттың өте жылдам өсуін көрсетеді.

“Мемлекеттік шығыстардың өсуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың жоғары динамикасы қосымша ынталандыру көздеріне айналады. Сонымен бірге, фискалдық ынталандырудың салдары болатын импорттың жоғары динамикасы ішкі сұраныстың өсуін ішінара теңестіреді. 2023 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқынының 4-5%-ға дейін жеделдеуі болжанып отыр. 2024 жылы ЖІӨ өсімі осындай деңгейде болады”, – дейді банк хабарламасында. 

Ағымдағы алғышарттарды ескере отырып, 2022 жылдың соңына таман инфляция 16-18% аралығында болжанады. Бұл Ұлттық Банктің алдыңғы бағаларынан жоғары. Сыртқы және ішкі азық-түлік нарықтарындағы бағалардың динамикасын ескере отырып, бағаның өсуіне азық-түлік өнімдері негізгі үлес қосуды жалғастыруда. Оң фискалдық серпін, жоғары сыртқы инфляция, теңгенің әлсіреуі мен логистикалық және өндірістік тізбектерді қайта құру аясында инфляциялық қысым байқалатын болады. Жоғары, тұрақсыз инфляциялық күтулер қосымша фактор болады. 

2023 жылы инфляция біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды. ФАО индексінің астық өнімдеріне төмендеуі, 2022 жылғы инфляцияның жоғары базасы, Ресейдегі инфляцияның бұрын күтілгеннен де тезірек баяулауы инфляцияға тежеуші әсер ететін болады. 2024 жылы жаңа сыртқы және ішкі күтпеген өзгерістер болмаған кезде инфляция 5,5-7,5% аралығында қалыптасады.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімдер инфляцияның нақты серпінінің болжамды бағытына сәйкес келуіне және сыртқы орта мен ішкі экономикадағы тәуекелдердің қалыптасып отырған теңгеріміне байланысты қабылданатын болады.

Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі ағымдағы жылы ЖІӨ өсімін 2,8-3,8% деңгейінде болжаған болатын.

Талқылау