Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды
Фото: nationalbank.kz
Ұлттық банк 11 шілдеде базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялады – базалық мөлшерлеме бұған дейінгі 16,5% деңгейінде қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық банк мәліметінше, инфляциялық факторлардың қалыптасқан балансы, оның қазіргі қарқынды динамикасы, проинфляциялық үрдістер мен сыртқы ортадағы белгісіздік базалық мөлшерлемені қазіргідей деңгейде 2025 жылдың соңына дейін сақтау ықтималдығына айтарлықтай себеп болған.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады", – делінген банк хабарламасында.
Жылдық инфляция маусымда 11,8% болса, негізгі сауда-серіктесіміз Ресейде инфляцияның баяулауына байланысты сыртқы инфляциялық қысым біршама әлсіреген. Сондай-ақ қаңтар-мамыр айларында экономикадағы өсім 6%-ды көрсеткен.
"Қазіргі жағдайда ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты Ұлттық банктің қосымша шараларымен бірге инфляцияның өсуін тежейтін болады. Жеке кредиттеу нарығын "салқындату" бойынша қабылданып жатқан микро және макропруденциялық шаралардың әсері біртіндеп күшейеді деп күтілуде", – делінген хабарламада.
Ақша-кредит саясаты комитеті қажет болған жағдайда базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін екені атап өтілді.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделеді, оның аясында макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдары да жаңартылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 29 тамызда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
