Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлеме жылдық 14,25 пайыз деңгейінде белгіленгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ұлттық банк

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. 

Жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында байыппен төмендеуін жалғастырды. Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу. Қыркүйек айында халықтың инфляциялық күтулері өсті. Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр.

Айта кетсек, базалық мөлшерлеменің өзгерісі ақша нарығындағы пайыздық ставкалар мен валюталық курстарға әсер етіп, инфляция деңгейіне ықпал етеді. Мысалы, базалық мөлшерлеменің жоғарылауы пайыздық ставкалардың көтерілуіне, әрі қарай қаржы нарығындағы қаражаттың қымбаттауына әкеледі. Бұл халық пен кәсіпорындардың тұтыну мен үнемдеу шешімдеріне әсер етіп, тұтынудың төмендеуіне және үнемдеудің артуына себеп болады, ал бұл инфляцияны тежеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме көтерілген кезде ұлттық валюта да күшейеді.

Талқылау