Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк алтынның не себепті арзандап жатқанын айтты

Ұлттық банктің монетарлық операция департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов алтын нарығындағы Қазақстанның жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тұрсынхановтың сөзінше, Еуропа мен АҚШ-та коронавирустың қайта өршуі нарықтағы алтынның бағасының арзандауына септігін тигізген. Сонымен қатар, алтынның құнсыздануы доллардың күшейуімен тығыз байланысты болып шықты.

"23 қыркүйекте алтынның бағасы трой унциясына 1865 доллар деңгейінен төмен түсіп кетті. Бұл – қыркүйектің басындағы бағаға қарағанда 100 долларға немесе 5 пайызға аз. АҚШ тарапындағы оң экономикалық мәліметтер, Еуроодақ пен Ұлыбритания елдеріндегі коронавирус жұқтырған азаматтар көбейеді-ау деген үрей, сонымен бірге Чикаго федералдық резерв банкі басшысының АҚШ-та инфляция 2 пайыздық орташа деңгейге жеткенше ставканы көтеру туралы пікірі – доллардың индексін сегіз апталық максимумға итермеледі. АҚШ-та доллардың күшеюі әлем нарықтарында алтынның тартымдылығын төмендетті. Алтынның бағасы осы жылдың шілде айынан бергі минимумды көрсетіп тұр", - дейді ол.

Алтын бағасындағы өзгерістер еліміздегі алтын валюта қорының жоспарларына әсер етпек.

"Алтын бағасының кейінгі күндердегі ала-құлалығы айдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің алтын валюта резервінің қайта бағалануына әсер етуі мүмкін", - деді Нұржан Тұрсынханов.

Қазіргі уақытта COVID-19 індетінің екінші толқынының қаупі сақталып тұр. АҚШ пен Қытай арасындағы саяси текетірес, АҚШ-та сайлаудың жақындауы – бағаның турбуленттігіне әкелуі ықтимал. Алтын дәстүрлі түрде стратегиялық инвестиция болып қала береді.


 

Талқылау