Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлтаралық араздықты қоздыратын дүниелерді таратудан аулақ болу керек - Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесі

Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Бұл тұрғыда Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесі ауқымды істерді атқаруға мұрындық болып келеді. Ұйымның өткізген іс-шараларының бірқатарына Stan.kz тілшісі де қатысып қайтқан еді.

Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен отырыс өтті.  Шара барысында қала мектептері мен колледждерінде профилактикалық кездесулер өткізу бойынша бірлескен жоспар құрылған болатын. Аталмыш жоспар аясында бір ғана ақпан айының өзінде жиырмадан астам кездесулер өткізілуі Аналар кеңесінің үнемі тынымсыз тірлік үстінде жүретінін көрсетсе керек.

Біз тілге тиек етіп отырған келелі кездесулердің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықпен күресудің алдын алу.  Сонымен қатар, шылым шегу қоспалары мен есірткі заттарын тұтынудың алдын алу, жасөспірімдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, балалардың суицидінің алдын алу. 
Жас ұрпаққа берері мол осындай ақпараттық түсіндіру жиынының бірі Алматыдағы №101 мектеп-гимназиясында өтті.

"Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт" республикалық жобасын жүзеге асыру аясында өткізілген осынау шара барысында сөз алған Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Махинур Исраилова: "Бүгінгі біздің көз алдымызда отырған әрбіріңіз – еліміздің сенім артқан ертеңгі азаматысыздар. Тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы да өздеріңіз. Аға буын өкілі ретінде біз сіздерге жауаптымыз. Сондықтан да көрген-білгеніміз бен көкейге түйгенімізді өздеріңізбен бөліспекпіз. Қазіргідей интернетті қолданудың қажеттілігі артып тұрған кезеңде әлеуметтік желілерді мүмкіндігінше дұрыс пайдалана білсеңіздер. Кез келген дүниенің екі қыры болатыны іспетті, әлеуметтік желілердің пайдасы мен қатар зиянды тұстары да бар. Сондықтан да, ұлтаралық араздықты қоздыратын дүниелерді, қөруден, таратудан аулақ болыңыздар. Көпұлтты мемлекетімізде бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрудің мәні де маңызы да зор" деді. 

Сондай-ақ, Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Махинур Вилямқызы өзі жетекшілік ететін ұйымның жүйелі жұмысы туралы да жиналғандарға толығырақ баяндап берді. 

Жиын барысында оқушыларға есірткінің зияны мен оны қолданудың ауыр зардаптары деректі фильм арқылы көрсетілді.

Сонымен қатар, Алматы қалалық ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры Сұлушаш Досболова: "Кәмелетке толмағандардың есірткі және психотроптық заттарды қолдануы қоғамдағы ең бір өзекті мәселелердің бірі. Оның адам ағзасына тигізетін залалы да зор. Есірткіні қолданудың әлеуметтік және құқықтық аспектілері де жеңіл емес. Бүгінгі өскелең ұрпақтың денсаулығына төнген қауіп – ұлттың болашағына төнген қауіп. Сондықтан да, салауатты өмір салтын ұстану аса маңызды" деді. 

Гинеколог, Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының мүшесі Шара Елемесова "Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және оған әсер ететін факторлар" тақырыбындағы дәріс оқып, жиын қатысушылары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Ал Алматыдағы Ұйғыр мәдени орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Роза Абахриева болса оқушыларды салауатты өмір салтын ұстанғанда ғана денсаулығының мықты болатындығын атап көрсетті. 

"Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деп әл-Фараби бабамыз айтпақшы, оқушыларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оларды тәртіптілікке баулу – күн тәрбітінен түспейтін мәселе. Алматыдағы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өтікізіліп жатқан салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық кездесулер одан әрі қаладағы №113 мектепке өз жалғасын тапты. 

 

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 

Талқылау