Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлт үшін қасірет": Қарақат Әбілдина еліміздегі ажырасудың көбейгеніне алаңдады

қарақат әнші Фото: Видеодан скриншот

Танымал әнші Қарақат Әбілдина ажырасу мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі отбасындағы қиындыққа шыдамай, ажырасып кетіп жатқан жастарды сөз етті. 

“Бірге өмір сүріп, қол ұстасып талай сынақтан сүрінбей өткен, махаббатын ескіртпеген жандар бар. Олар қашанда басқаларға үлгі. Бірақ… Жас жұбайлардың қосылу сәтіне талай куә болып жүрміз ғой. Сүйдім, күйдім деп қосылғанымен, арада жыл өтпей жатып айырылысып екі жаққа кетіп жатқандар қаншама?! Статистикаға сүйенсек, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде алғашқы үштікке еніп тұр екен. Бұл ұлт үшін үлкен қасірет. Иә, "үйлену оңай, үй болу қиын" деп бекер айтылмаған. Махаббатты сақтау – үлкен еңбек. Мейіріммен, кешіріммен, түсіністікпен, сабырмен ғана жетесің. Нағыз “ескірмейтін махаббат” бірге өскен, бірге күрескен, өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзген, ұзақ жылдар бойы бір-бірін қолдап, түсіністік танытқан жандарға тән. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен, шын сүйген жүрек ешқашан қол сілтемейді. Қиындықта бірге болуға, отбасын аман алып қалуға тырысады”, – деп жазды әнші. 



Еске салайық, мәжіліс депутаты Ардақ Назаровты 2023 жылғы елдегі ажырасу статистикасы алаңдатқан еді. Сәтсіз некелердің өсуін тоқтату үшін ол ажырасқан азаматтарға салық салуды ұсынды. Осыған қатысты мынадай ұсыныстар айтты:

  • Ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың арызын қабылдамас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеуге міндеттеу.;
  • Ажыраспақшы болған жұпты татуластыру үшін қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесін пайдалану;
  • Жас отбасыларды қолдауға бағытталған “Жас отбасы” ұлттық бағдарламасын әзірлеу
  • Үйлену тойын өткізу кезінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу.

Сондай-ақ ол төлем көлемі айтарлықтай жоғары болу керегін айтқан еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 12:06
Талқылау