Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ахмет Байтұрсынұлының жиені: Ұлт көсемінің жақын туысы екенімізді жасыруға тура келді

Алаш ардақтысы, қазақ тарихында ойып орын алатын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың жиен қарындасы Қызылорда қаласында тұрады. Текті тұлғаның туысы – Манаш Исмаилованың жасы бүгінде 88-ден асқан. Соған қарамастан абыз ананың әңгімесі тағылымды, қимылы ширақ. Жақын туысы секілді Манаш әжеміз де өзінің ғұмырын ұстаздыққа арнаған кісі екен. Stan.kz тілшісі айтулы азаматтың ұрпағымен жүздесіп, естеліктерін тыңдап қайтқан еді. 

Манаш Өтегенқызы 1934 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бала кезінен көп қиындықты көріп өссе де, қайсарлы жанның жігері мұқалмаған. Ақ жаулықты әжеміздің ата-анасының туған жері – Қостанай облысы. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов, Манаш Исмаилованың анасы Ұлжан Қанапияқызының немере ағасы. Репрессия жылдары солақай саясаттың тырнағына іліккен Алаш ардақтысының туыстары амалсыздан туған жерлерін тастап, бір түннің ішінде Сыр еліне қоныс аударуға мәжбүр болған. 

"Ахмет ағам "халық жауы", "ұлтшыл" деген жаламен бірнеше рет ұсталып, қамауға алынды. Сол уақытта оның жақын туыстары мен достарын да жазаға тарту шаралары басталған болатын. Ахмет Байтұрсыновтан әкеме "шұғыл Қостанайдан қашу керек" деген хабар жетеді. Ата-анам дереу ең керек жарақтарын жинап, жолға шығып кеткен. Осылайша біз Қызылордаға қоныс аударған екенбіз. Мұндағы халық біздің отбасымызға қолдан келгенше қамқор болды. Дегенмен, атамекен қонысын тастаған әке-шешем талай қиындықтарды басынан өткерді", - дейді Манаш әже.   

Манаш әженің әкесі Өтеген Исмаилов та Ахмет Байтұрсыновтың жақын достарының бірі болған екен. Ұлт ұстазы інісіндей көрген азаматпен бірге Омбы қаласындағы Приходская мектебінде бірге оқыған. Кейін "қарындасым саған аманат" деп Ұлжанды табыстап, екеуінің шаңырақ көтеруіне қолдау білдірген. 

"Бізге әке-шешеміз бала кезімізден Ахмет атамыз туралы айтуға тыйым салды. Ұлт көсемінің жақын туысы екенімізді жасыруға тура келді. Кеңес Одағы тұсында отбасымызға төнетін қауіптен қорықтық. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, Ахмет Байтұрсыновтың ұрпағы екенімізді ашып айта бастадық. Алаш ардақтысының есімі ақталған күн – біздің жанұямыз үшін тарихи сәт! Бүгінде өскелең ұрпақ Ахмет атамыздың шығармаларын оқып өсуде. Ұлт ұстазының құрметіне түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мен осындай текті тұлғаның ұрпағы екенімді мақтан тұтамын", - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз. 

Ата қоныстан ажырап, Сыр елінде дүниеге келген Манаш Өтегенқызының өзі де – ұлағатты ұстаз. Ұлт көсемінің жолын қуған абыз анамыз өз ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін, Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта ширек ғасырдан астам уақыт абыроймен қызмет атқарған. Осы білім мекемесінен зейнетке шығыпты. 

"Бұл интернатта қойшы ауылдың балалары білім алатын. Оқушыларым мені өз аналарындай көрді. Таңертең ұйқыларынан оятуға барғанда "мамамыз келді" деп қуанатын. Ата-аналары ауылдан келгенде, менің үйіме қонатын. Шәкірттерімді өз балаларымнан кем көрген емеспін. Күні бүгінге дейін хабарласып тұрады. Үнемі мерекелермен құттықтап, ықыластарын білдіріп жатады", - дейді қария.

Манаш Өтегенқызы – көп балалы ана, "Күміс алқа" иегері. Мұнан бөлек соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагер. Бүгінде жеті баласы ер жетіп, өз алдарына отбасын құрған. Өнегелі жанұяның үлгілі отанасы болып отыр. Талай жылғы бейнетінің зейнетін көруде. Ақ жаулықты анамыз өзінен өрбіген ұрпаққа Ахмет атасының өмір жолын, қазақ халқына сіңірген еңбегін үнемі әңгіме етіп отырады. 

"Мен осы әулиеттің келінімін. Көзі тірісінде Ұлжан әжеме қызмет жасадым. Қартайған шағында бақтым, қолымнан келгенше жағдайын жасауға тырыстым. Ол кісі өте текті, артық сөзі жоқ жан болатын. Әңгімесі тағылымды, өмір жолы бәрімізгі үлгі еді. Ендігі кезекте Манаш әжеміздің көңілін табуға тырысып жүрміз. Ахмет Байтұрсынов секілді арда азаматтың ұрпақтарына келін болу – үлкен мақтаныш", - дейді қызылордалық Айдана Шегенова. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 28 Сәуір, 2022 15:19
Талқылау