75 жастағы ұлытаулық ақсақал Атлант мұхитына дейін жаяу бармақ
Видеодан скриншот
Ұлытаулық саяхатшы ақсақал әлемді аралауды әдетке айналдырған. Бұл жолы зейнеткер Сәрсенбай Қотырашов Еуропаны аралап шығуды жоспарлап отыр. Оның есептеуі бойынша, сапар үш айға созылып, желтоқсанның басында Атлант мұхитының жағасында аяқталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сәрсенбай Қотырашов бұл саяхатының төртінші кезеңі дейді. 75 жастағы ақсақал дүниені толық аралауға ниетті.
2022 жылы ол Қазақстанның барлық аймағын аралап шықты. Одан кейін Ресей, Грузия, Түркия, Моңғолия, Қытайда болды. Жалпы саяхатшы 15 мыңнан астам шақырымды бағындырды. Бұл жолы Сәрсенбай Қотырашов Болгариядан Францияға дейін 3200 шақырымды жаяу жүруді мақсат етіп қойды.
“Мен өзімді керемет сезінемін. Саяхатқа физикалық және рухани дайынмын. Қазақстандағы жаяу марафон мен үшін жақсы тәжірибе және келесі кезеңдерге дайындық болды. Жас арманнан бас тартуға себеп емес. Мен өз қабілеттеріме сенімдімін, сондықтан осындай жауапты қадамға баруды жөн көрдім”, – деді ақсақал.
Сәрсенбай Қотырашов күніне шамамен 30-40 шақырым жаяу жүруді жоспарлап отыр. Қазақстан консулдықтарының өкілдері ақсақалға түрлі елдерде қолдау көрсетуге ниетті.
“Қазақстанның консулдық және елшіліктерімен келіссөздер жүргіздік. Олар бізді қолдап, марафон бағыты бойынша елдердің сыртқы істер министрліктеріне тиісті ноталарын жіберді. Мен онымен бүкіл сапар бойы байланыста боламын”, – деді қарияның көмекшісі Бақтияр Қожахметов.
Сәрсенбай Қотырашов рекорд қоюға дайындалып жүрсе де, мұны басты мақсаты деп санамайды. Оның арманы – әлемді көру.

Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін алу үшін бөлінген 22 млрд теңге діттеген мақсатқа жетпеген
