Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам бұрынғы әйелін балалары 18 жасқа толғанша асырауға міндеттелді

Ұлытау облысының соты бұрынғы әйелін асырау үшін алимент төлеуге міндеттелген қазақстандық азаматқа қатысты шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: dgcsssdm.ru

Соттың ресми Telegram-каналындағы мәліметке сәйкес, бұл азаматтық істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарастырған. Істе бұрынғы зайыбы екі ортақ баласына қамқорлық жасап отырғаны және олардың ІІ топтағы мүгедектігі бар екені көрсетілген. Әйел табысы жоқ болғандықтан, бұрынғы күйеуінен материалдық көмек сұраған. Алайда ер адам оған қаржылай қолдау көрсетуден бас тартқан.

Бұған байланысты әйел сотқа жүгініп, 2025 жылы 47 184 теңгеге тең келетін 12 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде алимент тағайындауды сұрады. Ол бұл көмекті балалары 18 жасқа толғанға дейін алғысы келген. Сот отырысында арыз иесі өз талабында табандылық танытты. Ал жауапкер – оның бұрынғы күйеуі, соттан талап арызды қанағаттандырмауды сұрады.

Алайда сот әйелдің пайдасына шешім шығарып, ер адамға ай сайын 12 АЕК көлемінде алимент төлеуді міндеттеді. Төлемдер балалардың мүгедектік мерзімі аяқталатын 2026 жылдың 27 қарашасына дейін жалғасады.

Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық ажырасқан еркектер бұрынғы әйеліне және алимент төлеуге қарсы шығып, WhatsApp мессенджерде топ ашты. “Masculism_kaz” деп аталатын қауымдастық ресми түрде тіркелмесе де, еркектер топта өз мәселелерін талқылап, кеңес беріп, заңгерден кеңес алады.

Талқылау