Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 6 мектеп салынады

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы Ұлытау облысында да жүзеге асады. Жоба аясында 3600 орынға шақталған  6 мектеп бой көтермек. Заманауи үлгіде жабдықталып, орта мектептерден біршама ерекшеленетін білім ордаларының бой көтеруі құрылғанына көп бола қоймаған жас облыс тұрғындарын ерекше қуантып қойғаны рас. 

6 мектеп құрылысына республикалық  бюджеттен 25,6 млрд теңге қарастырылған. Жоба қызығын алғашқы болып алыстан қатынап оқитын Қабанбай батыр шағын ауданының оқушылары көрмек. Осыған дейін белгіленген уақыт бойынша жүретін автобус арқылы 9-орамдағы мектепке қатынап оқуға мәжбүр болған оқушылар биылғы жаңа оқу жылынан бастап жаңа әрі жайлы мектепте білім алатын болады.  300 орындық мектеп құрылысына 2,7 млрд теңге бөлінген. Мердігер - "Nur Astana Kurylys" компаниясы. 

Жоспар бойынша 2024 жылы 5 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа берілуі тиіс. Яғни, алдағы жылдары Жезқазған қаласының  "Батыс" шағын ауданында 6,6 млрд теңгеге 1200 орындық, Сәтбаев қаласының  8-шағын ауданында  5,6 млрд теңгеге 900 орындық мектеп салынады. Сонымен қатар  Жаңаарқа ауданының "Жаңа Нұр" шағын ауданында  4,7 млрд теңгеге 600 орындық және Түгіскен ауылында 2,9 млрд теңгеге 300 орындық мектептің іргетасы қаланса, Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында құны 2,9 млрд теңгелік  300 орындық мектеп құрылысы жоспарланып отыр.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде салынатын мектептерде аты айтып тұрғандай оқушының жайлы ортада сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылады. Заманауи үлгідегі техникалармен жабдықталған бұл мектептер бастауыш сыныптардың бөлек оқуы, бірнеше асхана мен спорт залдарының болуымен де ерекшеленеді.