Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында ұлы мамандықтың майталмандары ұлықталды

Адамзат баласының өркендеуі мен дамуының бастауында білім тұрса, сол білімді санаға сіңіріп, ұрпақты тәлім-тәрбиеге баулитын жан ол – мұғалім. Мектептің "жүрегі" іспетті ұлы жолды мұра тұтқан ұстазға деген құрмет елімізде жыл сайын артып келеді.  

Білім саласының қалыптасуында айрықша үлестері бар ұстаздар Ұлытау облысы Жезқазған қаласында құрметке кенелді.  Мысты шаһардағы  Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен өткен "Қалдырған ізің мәңгілік..." атты салтанатты жиын – соның дәлелі. 

Ұстаздық – бұл адамтану, адамды қалыптастыру өнері. Ұстаз еңбегі қашан да өлшеусіз,  қандай құрметке болса да лайықты. Зәулім ғимаратта бас қосқан мұғалімдер қауымын Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтап, лебізін жеткізді.

“Облысымыздың білім саласында 6 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Соның ішінде  90-ға жуық зейнеткер білім беру саласында  әлі де талмай қызмет етіп жүр. Білім беру ұйымдарындағы педагогтердің 10 пайызы шебер және зерттеуші, 21 пайызы сарапшы біліктілік санаты бар педагогтер. Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарына 155 жас маман қабылданды. Білім беру ұйымдарында әлі де 313 маманға қажеттілік бар.  Ұстаздық ұлы жолдағы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Үміттеріңізді ақтаған оқушыларыңыз көп болсын”, – деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Облыстың білім  беру саласына айрықша үлес қосқан ұлағатты жандардың бірқатары Ұлытау облысының Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды. Өндірісті өңірдің ұстаздар қауымына деген ақжарма тілегін  Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов білдірді. Бауыржан   Қабденұлы бір топ мұғалімге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын және Алғыс хатын тапсырды.  

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Техникалық және кәсiптiк білім беру iсiнiң үздiгi" Құрмет дипломымен Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушысы Гүлсім Шауенова мен Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушысы Мырзатай Темірбеков марапатталады.

Салтанатты жиында 2022-2023 оқу жылының  қорытындысы бойынша  үздік деп танылған білім беру ұйымдары келесі аталымдар бойынша марапатталды.  

"Ұлытау облысының орта білім беретін үздік ұйымы" аталымына Сәтбаев қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия ие болса, "Үздік ауыл мектебі" аталымына Жаңаңарқа ауданының Ақтау жалпы білім беретін мектебі лайық деп танылды.  "Ұлытау облысының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша үздік ұйымы" ретінде Жезқазған қаласының "Ханшайым" бөбекжайы  номниацияға  ие болды. "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі үздік ұйым" номинациясы Жезқазған индустиралдық-гуманитарлық колледжінің ұжымына  берілді. 

Мұғалімдік мамандықтың шыңына жеткен майталман мұғалім мен білім саласына жаңа қадам аттаған жас маман сахнаға көтеріліп,  шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын арнады. Солардың қатарында – Сәтбаев қаласының №27 қазақ орта мектебінде 45 жыл тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен ұлағатты ұстаз Жұмағали Құлманов   және Ұлытау ауданының №14 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Руслан Байғазин болды. 

Ұлы мамандықтың майталмандарын ұлықтауға арналған шараны жергілікті білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылары әнмен әрлеп, күймен көмкерді.

Талқылау