Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында "Таза Қазақстан – Таза Жезқазған" байқауының үздіктері марапатталды

8 қыркүйек – Қала күні қарсаңында Жезқазғанда "Таза Қазақстан – Таза Жезқазған" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда "Көрікті ғимарат ауласы", "Үздік жасыл аула", "Таза подъезд", "Үздік ПИК", "Үздік МИБ" сынды номинациялар бойынша үздіктер анықталды.

Бас жүлде Гагарин көшесіндегі 72/2 үй тұрғыны Шарипа Рымбаеваға табысталды. Жеңімпаздарға марапаттарды облыстық мәслихат депутаттары, партия филиалдарының басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері тапсырды.

Аталған байқау республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында ұйымдастырылды. Сол күні Ұлытау облысының барлық қалалары мен аудандарында жаппай сенбіліктер өтті. Жезқазғанда жастар мен еріктілердің қатысуымен орталық көшелер тазаланып, Сәтбаевта экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған шара ұйымдастырылды. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде саябақтар мен демалыс орындары тазартылса, Жаңаарқа ауданында орталық алаңда сенбілік өткізілді. Ұлытау ауданында ауыл тұрғындары мен жастардың қатысуымен Ембұлақ өңірінде тазалық шарасы өтті.

Жыл басынан бері облыста жеті облыстық және сегіз қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сондай-ақ апта сайын "Таза бейсенбі" акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жалпы "Таза Қазақстан" бастамасына 44 мыңнан астам адам қатысып, 870 арнайы техника жұмылдырылды, нәтижесінде 3520 тонна қоқыс шығарылды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 09:49
Талқылау