Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында шахтада апат болып, жұмысшы қаза тапты

Батыс Қаражал кенішінде тау-кен массасы опырылып, жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Апат 6 маусымда Батыс Қаражал кенішінде болған. Марқұм "Өркен" ЖШС жұмысшысы болып шықты. Жұмысшы түнгі ауысымға шығып, серіктесімен бірге кенді жер бетіне шығарумен айналысып жатқан.

Тау-кен массасының опырылуы шамамен сағат 21:48-де болған. Тас массасының қабыршақтанған блогы жұмыс істеп жатқан шахтаның төбесінен жұмысшының үстіне құлады. Ол басынан және жамбасынан жарақат алған.

Серіктесі болған оқиға туралы шахта диспетчеріне телефон арқылы хабарлаған. Жедел жәрдем шақырылып, зардап шегушіні жер бетіне шығарып, жедел жәрдеммен Қаражал қаласының ауруханасына жөнелтілді. Алайда жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханаға жетпей, жолда қаза тапқан. Марқұм 24 жаста болған, компанияда алты жылдай жұмыс істеп келген екен.

Апатты тексеру үшін мемлекеттік комиссия құрылды.

"6 маусымда "Өркен" ЖШС-нің "Өркен-Атасу" өкілдігінен өндірісте адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға туралы хабарлама келіп түсті. Адам өліміне әкеп соқтырған жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептеріне арнайы тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды", – делінген Ұлытау облысы еңбек инспекциясы басқармасының хабарламасында.  

Талқылау