Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында бюджет есебінен 32 резидент тегін білім алып жатыр

Ұлытау облысында білім саласына тиісті көңіл бөлінген. Мәселен биыл өңірде екі мектеп, үш балабақша пайдалануға берілді. 

2025 жылы Жезқазған қаласында 300 орындық “Жайлы мектеп” пен Теректі ауылындағы 80 орындық білім ошағы ашылды. Ал Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бас аяғы 640 орындық қос балабақша және Жаңаарқа ауданында 165 орындық бір бөбекжай ел игілігіне берілді. Оған қоса, Қаражал қаласы мен Манадыр станциясында Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан қос мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. 

“Ұлытау облысындағы ерекше күтімді қажет ететін балалар ата-аналарының өтініші бойынша биыл өңірде алғаш рет аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылды. Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен биыл Жезқазғанда 250 орындық оқушылар сарайының құрылысы басталды. 2026-2027 жылдар аралығында Жезқазған қаласында 1 200 орындық BINOM мектебінің құрылысы, 400 ұл балаға және 400 қыз балаға арналған “БІЛІМ ИННОВАЦИЯ” мамандандырылған лицейі мен 300 орындық екі интернат - жатақханасын салу жоспарланып отыр”, – деді облыс әкімі Дастан Рысбеков. 

Ерекше атап өтерлігі - 2025 жылы “Алтын белгі” иегерлері 2 есе өсіп, 74 түлекке жеткен. 

Сондай-ақ өңірде бюджет бюджеті есебінен 32 резидент тегін білім алып жатыр. 

Облыс әкімі Дастан Рысбековтің сөзінше, 2023-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 180 миллионға жуық қаражат бөлініп, денсаулық сақтау саласының болашақ мамандары білім алып жатыр. Азаматтар арнайы талаптарға сәйкес, Ұлытау облысына келіп жұмыс істейді. 

“Одан бөлек, осы жылы өңірге жаңадан келген 25 медицина қызметкеріне 170 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ 15 дәрігер қызметтік үймен қамтамасыз етілді. Жалпы облыс құрылғаннан бері "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы аяқталды, оның жетеуі биыл жыл соңына дейін беріледі. Ұлытау облысында кірпіші қаланған сәттен бері жөндеу көрмеген медициналық нысандарды жаңғырту қарқынды қолға алынған. Биылдың өзінде 6 нысанның жөндеу жұмыстары басталды. Олар, Жезқазған қаласының емханасы, облыстық көпбейінді аурухана, Жаңаарқа ауданының ауруханасы, медициналық колледж, өкпе аурулары диспансері және Қаражал қаласының ауруханасы. Аталған нысандардың салынғалы жөндеу көрмегенін ескерсек, бұл – үлкен көрсеткіш”, – деді облыс әкімі. 

Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсан қорытындысы бойынша өлім саны 3,7%-ға, бала өлімі 44,6%-ға, туберкулезбен сырқаттану 12,8%-ға төмендеді. 

Снымен қатар, өңірде кәсіпкерлік саласы да кенже қалып жатқан жоқ. Бизнес бастаймын дегендерге мүмкіндіктер молынан беріліп жатыр. 

Мәселен, биыл 195 ұлытаулық жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант қаражаты берілген. 

“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингісіне сәйкес, Ұлытау облысы 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы өңір деп танылып, алғашқы орынға шықты. 

“Биыл өңірде жалпы сомасы 3 миллиард теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды. Одан бөлек, әлемдік және отандық брендтердің франшизалары саны өсті. Аталған бағыттағы жұмыстар облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырады, бұл бастамалар кезең-кезеңімен жалғасады”, – делінген мәліметте. 

Айрықша атап өтерлігі – Жезқазған қаласында 25 жылдан астам қараусыз, иесіз тұрған тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылып, кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау үшін ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ғимарат жаңғыртылуда. Инвестиция көлемі 1 миллиард теңге. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 14:13