Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында балабақша бухгалтері қарызын жабу үшін 15 миллион теңге жымқырған

Ұлытау облысында 15 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны үшін балабақша есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: pixabay.com

Жоғары соттың дерегіне сенсек, балабақша бухгалтері өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлаған (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).

2021-2023 жылдары жалақысына коэффициентін жасанды түрде арттырып, банктегі шотына жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңге аударған. Сотталушы сотта бұл қылмысқа қаржылық қиындықтардан (қарызын өтеу мақсатында) барғанын түсіндірген.

"Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, куәнің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, төлем құжаттарымен, сотта зерттелген тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен расталады. Шынайы өкінуі, келтірілген зиянды толық өтеуі және асырауында үш кәмелетке толмаған баланың болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылды", – делінген сот хабарламасында.

Сотталушы ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Айта кетейік, ҚК-нің 63-бабына сүйене отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі. Үкім заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда ұлттық спорт орталығының бухгалтері 117 миллион теңге жымқырғанын жазған едік. Ұлттық спорт түрлері орталығының бас есепшісі 2018-2023 жылдар аралығында 117 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденгені анықталды. Аталған фактіні облыс прокуратурасы тергеп, нәтижесін Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі ”Салғырттық” және 189-бабы 4-бөлігімен “Жымқыру” бойынша сотқа жолдады.

Талқылау