Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлымның “анашым” деген сөзін есту – арманым": Қазақстандық баланың анасы қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж

Ақмола облысының тұрғыны Ақлима Туманова бүгінде ұлының “анашым” деп айтқан бір ауыз сөзіне зәру. 7 жастағы Ерасыл Маратұлына балалар аутизмі диагнозы қойылған. Бұған дейін бір сөз айтпаған Ерасылдың анасы қайырымды жандардан ұлының еміне көмек сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.  

Ақлима ұлының басында кистаның барын және су жиналғанын айтты. Сөзінше, Ерасылдың құлағы естісе де, айтылған сөздердің барлығын миы дұрыс қабылдамайды. Осының салдарынан баланың тілі шықпаған. Әке деп те, ана деп те айта алмайды. 

“Баламның денсаулығындағы кінәрат бар екенін екі жарым жасынан бастап байқадық. Сөйтіп үш жасында дәрігерлерге көрсеткенімізде олар баланың төрт жасында сөйлеп кететінін айтты. Төрт жасында апарғанымызда психикалық дамудың бұзылуы деп диагноз қойды. Сол кезден бастап ем қабылдай бастадық. Бес жасында ұлымды Ұлттық балаларды оңалту орталығына   жатқыздық. Сол жерде бізге нақты балалар аутизмі деген диагнозды қойды. Жеті жасқа толғанда психдиспансер арқылы мүгедектік алдық. Осы уақытқа дейін баламыз жақсы болып кетеді деп сендік”, – деді Ақлима.

Психологиялық медициналық педагогикалық комиссия Ерасылдың әлі мектепке баруға дайын емес екенін айтқан. Мамандар балада ми қорыту жүйесі әлі үш жастағы баланыкімен бірдей деген болжамға келген. Сол себептен комиссия өкілдерінің нұсқауымен ол логопед, дефектолог, психологтан жиырма минуттан бір жарым сағатқа дейін аптасына екі рет ем-шаралар қабылдаған. Алайда бұл жеткіліксіз болғандықтан, ата-ана ақылы түрдегі орталықтарға жүгінуге мәжбүр болған.



 “Баламды осы уақытқа дейін өз күшімізбен емдеп келдік. Санкт-Петербургке дейін бардық. Әр алған еміміздің құны 2 миллионға шығып отырды. Отбасымызда жолдасым ғана жұмыс жасайды. Ол баламыздың еміне ақша тауып, төрт рет қаралуға жіберді. Бесіншісінде қайырымды жандардан жиналған қаражатпен бардық. Сол кезде дәрігер баламның жағдайын көріп, нәтиженің өте жай болып жатқанын, тіпті әлі еш қуантарлық деңгейге жетпегенін айтты. Кейін Ташкентке бардық. Ондағы емнен соң балада фебрилді құрысулар пайда болғандықтан қорқып қалдық. Сөйтіп Украинадан сөйлеуді қалпына келтіру орталығынан ем алдырдық, бұл емнен соң балада одан сайын агрессия басталып, өз-өзін ұра бастады. Енді бар үмітіміз Грузия елінің мамандарында болып тұр”, – деді Ерасылдың анасы.

Ақлима ем Тбилиси қаласындағы Сардешвели деген емханасында жүргізілетінін айтты. 
“Ұлымның “анашым” деген сөзін есту – арманым. Күндердің күнінде оның “анашым, жыламашы” деп мені жұбататынына сенемін. Бізге ол жаққа барып қаралу үшін 8 миллион 300 мың теңгедей қаражат қажет. Біз жарты жыл ішінде 5 миллион 300 мың теңгедей ақша жинадық. Енді 2 миллион 800 мың теңгені жинауға қайырымды жандардан көмек сұраймыз”, –  деді Ақлима.

Ерасылға көмек қолын созғысы келетіндер төмендегі реквизиттерді пайдалана алады:

 Kaspi Bank:
8 707 882 42 26 Аклима.Т
4400 4301 5424 4773

Halyk Bank:
4405 6397 3639 5615 
Aklima Tumanova

Талқылау