Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлым тек дәрінің күшімен ұйықтап жүр": Ақтөбеде балабақша терезесінен құлаған баланың анасы

Ақтөбеде 3 жастағы бүлдіршін балабақшаның екінші қабатынан құлап кетіп, аяғын сындырып алды. Сорақысы, оның осындай жағдайға тап болғанын тәрбиешілердің ешқайсысы байқамаған.

Сәтін салғанда, сұлап жатқан баланы құрылысшылар көріп қалып, сондағы қызметкерлерге хабар беріпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Гауһар балабақша терезесінен құлап кеткен ұлының бұл күнде тек дәрінің күшімен ғана ұйықтап жүргенін айтады. Жарақатының ауырлығы сондай, дәрінің күші кеткенде жанын қоярға жер таппай мазасынданады екен. Егіз ұлының бұл балабақшаға барып жүргеніне екі-ақ ай ғана болыпты. "Жеке балабақшадан алып, мына жер кең, әрі жаңа деп ауыстырып едім, үмітім ақталмады" дейді. Ал оқыс жағдайдың қалай болғанын ұлдарының аузынан естігенде, тіпті жағасын ұстаған.

«Екі ұлым бір баламен бірге терезенің алдында ойнап жүр едік, сол кезде Захар құлап қалды деді. Сосын оны бір аға алып кетті ауруханаға деп отыр. Аға деп отырғаны балабақшаның ауласында құрылыс жүріп жатыр, сол жердегі жігіттер көріп қалып, көмекке ұмтылған. Балабақшаға көтеріп алып келген де – солар болып тұр ғой. Содан кейін ғана меңгеруші қимылдап, жедел жәрдемге хабарласа бастаған», - деді анасы Гауһар Шынбаева.

Дәрігерлер Захардың жағдайы орташа деп отыр. Сынған аяғының сүйегі дұрыс бітпесе, ота жасауы да мүмкін. Сондықтан оның ауруханада әлі қанша жататыны белгісіз.

«Бас миы шайқалып, сол жақ балтыры сүйектері сынған. Қазір баланың жағдайы орташа. Травматологияда жатыр, емін алуда. Жалпы жағдайы - тұрақты», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары. 

«Нұрзерек» балабақшасының басшылығы оқыс жағдайдан кейін терезелерінің барлығына жаппай құлып орнатып шығыпты. Қызметкерлердің барлығына түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал оқыс жағдай балалар ұйықтатын бөлмеде болған. Тәрбиеші 22 баланың бірінші легін бөлмеге кіргізіп, қалғанын ұйықтауға дайындап жатқанда, бала терезенің алдына шығып кеткен деп отыр. Ал сол кезде терезе жартылай ашық болған екен.

«Жатын бөлмесінің терезелері жоғары қарай жартылай ашық тұрған, шамасы бала терезенің алдына шығып, ашып, құлап кеткен. Оқиғадан кейін тәрбиеші арыз жазып, жұмыстан кетті, түсініктеме жазып, акт толтырдық. Тәрбиешінің жасы - 35-те. Терезелерге темір торлар қоймаған себебіміз, өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша, оған тыйым салынған», - деді "Нұрзерек балабақшасының меңгерушісі Айнагүл Жұмағұлова.

Бұл дерек бойынша қазір «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккен Захардың анасы болған жағдайдан кейін егіз ұлдарын балабақшадан шығарып алған. 

Талқылау