Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлым да, шалым да қайтыс болды": Алматыда қайыр тілеп жүрген қазақ әжей көпшіліктен көмек сұрайды

Алматыда 63 жастағы қазақ әжей қайыр тілеп күн көріп жүр. Екі жыл бұрын жолдасы, 4 жыл бұрын үлкен ұлы өмірден өткен. Ауылдан Алматыға аяңдап келіп, қайыр тілеп тиын-тебен табады. Амалы таусылған әжей жомарт жандардан көмек күтіп жүр. 

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Зияда Қалниязова Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарасу ауылында тұрып жатыр. Алматыға жаяулап келіп, қайыр тілейді. Тамағын жасап, ас-суын дайындап беретін әйелге күнделікті 2 мың теңге береді. Өзінің от жағуға да, тамақ жасауға да дәрмені жоқ. 

"Осында екі бөлмелі үйшікте тұрып жатырмын. Екінші ұлым Өзбекстанда. Оның еміне зейнетақымды жіберіп тұрамын. Өзім жұмысқа жарамаймын. Істемеген жұмысым жоқ. Биыл газ кіргізіп алмасам, от жаға алмаймын. Газ кіргізу 300 мың теңге тұрады екен. Сол үшін жомарт жандардан қайыр сұрап, ақша жинап жүрмін. Ұлым да, шалым да қайтыс болды. Өзім жалғыз қалдым" , - деп жылады әжей.

Зияда әжейдің денесіне жара шығып, қаптап жатқанын айтты.

"Ешбір дәрі көмектеспейді. Жомарт жандар болса, газ кіргізуге көмектессе екен. Өліп қалам ба деп жүрмін. Алланың ісіне ешнәрсе істей алмайды екенбіз", - деді әжей. 

Жергілікті әкімдік өкілдері әжейдің азаматтығы болмағандықтан, әлеуметтік көмек көрсетілмейтінін, бірақ шағын көмек көрсетіп тұратынын айтты.

"Бұл кісінің азаматтығы жоқ. Былтыр да, биыл да өз тарапымыздан шағын көмек көрсеттік. Ол үйіне газ кіргізуді сұрап отыр. Бірақ ондай көмек көрсете алмаймыз. Себебі "Тәуекел-газ" басқа компания", - деді Сарыбай би ауылының әкімі Асхат Мүлкібекұлы.

Қазақ әжейдің жанайқайын көпшілікке алматылық қыз Айжан Бәзілбаева жеткізді. Ол парақшасындағы оқырмандарынан ақша жинап, әжейге теледидар мен азық-түлік алып берді. 

Ал, "Тәуекел газ" компаниясының Жамбыл аудандық газбен қамтамасыз ету бөлімінің директоры Данияр Молдиярұлы әжейге тегін газ қосып беретінін айтты. Алайда газ қосылған соң қайыр тілемесін деген өтінішін ескертті.

Талқылау