Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбританиялық әйел домбырамен 20-дан астам қазақ күйін тартуды үйренген

Халық оркестрінің концертіне көрермен болып барған Сабина Мастерс есімді ұлыбританиялық әйел қазақтың ұлттық аспабының үніне ғашық болған. Домбыраға қызыққаны соншалық Сабина ұлттық аспапта ойнап үйренуді мақсат тұтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: видеодан скрин

Сабина Мастерс – білікті дәрігер, төрт баланың анасы. Олар күйеуімен бірге бірнеше елде тұрған. Осыдан бес жыл бұрын оны білікті маман ретінде Атырауға шақырған. Ерлі-зайыпты қазақ мәдениетіне үлкен қызығушылық танытыпты. Домбыраның үнін естіген Сабина ұлттық аспапты үйренуге бар ынтасымен кіріскенін айтады. 

“2019 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің концертіне бардық. Домбыраның үні маған естен кетпес әсер қалдырды. Сөйтіп домбыра ойнауды үйренемін деп шештім”, – дейді Сабина Мастерс.

Шетелдік келіншекке домбыра шертуді музыка мұғалімі Ерлан Сақтағанов үйреткен. Ұстаз бен шәкірт бір-бірінің тілін түсінбесе де, Сабина өте жақсы нәтиже көрсеткен. Музыка Сабинаға таңсық емес болып шықты. Оның күйеуі виолончельде ойнайды, барлық баласы музыкалық мектепті тәмамдаған, ал ұлы Александр – опера әншісі.

Қазір Сабина домбырамен 20-дан астам күйді ойнап үйренген. Алайда ол мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Әйел Батыс Қазақстанның атақты виртуоз-күйшілердің барлық шығармасын меңгеруді жоспарлап отыр.

“Мен Сабинаның домбыра мен күйге мұнша әуес екенін білмедім. Жай ғана қызығушылық деп қабылдадым. Бірақ Сабина қазақ мәдениетіне терең бойлауға тырысады, әр шығарманың шығу тарихына қызығады. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеу үшін қолжетімді ақпараттар мен мәліметтерді жинап жүр”, – дейді Д.Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясының оқытушысы Ерлан Сақтанов.

Шетелдік әйел күйшілерге арналған екі байқауға қатысып үлгерген. Сайыста Дәулеткерей, Құрманғазы, Әзидолла Есқалиев сынды күйшілердің шығармаларын орындап көзге түскен ол арнайы сыйлықпен марапатталды. Жақында әнші өзінің алғашқы шығармашылық кешін ұйымдастырды. Оның бұл бастамасын жергілікті мәдениет қайраткерлері қолдады. 

Қазақ күйшілерінің философиясын түсіну үшін Сабина қазақ тілін үйреніп жүр. Филология факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ол атақты күйшілер өмір сүрген шалғай ауылдарды аралағысы келетінін айтып қалды. Әйел Атырауды велосипедпен жиі аралап, еріктілер қозғалысына белсене қатысады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарға ағылшын тілін тегін үйретеді. Ол қазіргі өміріне ғұмырымдағы ұмытылмас кезеңім деп баға берді. 

Талқылау