Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық спортшы Ұлыбританиядан екі жылға саяси баспана алды

Ильдар Ягьяевке Ұлыбританияда екі жылға жұмыс істеу және елде болу құқығымен уақытша баспана берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Instagram.com/ildar_calisthenics

Ақтаулық атақты спортшы Ильдар Ягьяев бұған дейін өзі орнатқан бес Гиннес рекордынан бөлек, тағы екі рекорд орнатқан. Ол бұл жетістіктерін кімге арнағанын және өзін алға ұмтылуға кім ынталандыратынын айтып берді. 

Спортшы Ильдар Ягьяев алғашқы рекордын 15 қыркүйекте 9 келіден астам салмақты беліне байлап, 15 рет қос қолымен белтемірде тартылып орнатты. 

“Дәл осы уақытта мен үшін ең қымбат адам, менің ханшайымым Амелия дүниеге келді", – деді спортшы.

Кейін 25 қаңтарда бір минутта төрт саусақпен 25 рет тартылып, екінші рекордын орнатты. 

“Бұл жеңіс 2020 жыл сол күні, сол айда дүниеге келген батырым, жолбарысым Аланның құрметіне арналды”, – дейді кеудесін мақтаныш кернеген Ильдар Ягяев.

Спортшыны марапаттау рәсімі 7 ақпанда Лондондағы Гиннестің рекордтар кітабының орталық кеңсесінде өтті. Ильдар Ягяев ол жақтың қызметкерлерімен достық қарым-қатынас орнатып, жиі хабарласып тұратын көрінеді. Ильдар Ягяевтың айтуынша, жыл сайын Қазақстан спортшылары ұйымды өз жетістіктерімен тәнті етіп жүр.

“Менің балаларым – менің ең үлкен мотивациям, олар мені алға ұмтылуға шабыттандырады. Мен оларға мақсатына жететін, жан-жақты, ешқашан берілмейтін күшті әкенің ең жақсы үлгісін көрсеткім келеді", – дейді спортшы.

Ильдар Ягяевқа Ұлыбританияда жұмыс істеу және елде болу құқығымен екі жылға уақытша баспана берілді. Ол халыққа емес, айтылған сөздерді өзіне қабылдап қалған билікке қарсы шыққанын айтады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияға қырыққабат жинауға кеткен Қазақстанның әлем чемпионы елден саяси баспана сұрағаны туралы жазған едік.

 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 10 Ақпан, 2025 11:47