Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбританиядағы лейбористердің жеңісі, Түркиядағы қақтығыс, Белорусьтің ШЫҰ-ға қосылуы: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы аптаның басты жаңалықтарының бірі Ұлыбританиядағы парламент сайлауы. Сайлауда 14 жыл бойы билікте отырған консерваторлар жеңіліп, лейбористер билікке келді. Ал Түркияда ұлтараздық қақтығыс басталды. Жеті жасар қызды Cирия азаматының зорлауы, көптеген ірі қалаларда наразылық тудырған. Сонымен қатар Астанада өтіп жатқан Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь ұйымның қатарына ресми түрде қосылды.


Ұлыбританиядағы сайлауда лейбористер жеңіске жетті

Лейбористер партиясы Ұлыбританияның қауымдар палатасында көпшілік дауысқа ие болып, жеңіске жетті.

Барлық сайлау округтерінде дауыстарды санау әлі аяқталған жоқ, бірақ лейбористер олардың 410-ында ресми түрде жеңіске жетіп, 650 орындық палатада көпшілік дауысқа қол жеткізді. Ұлыбританияның лейбористік партиясы парламенттік көпшілікке қажетті 326 орындық шектен асқан.

Лейбористік партия жетекшісі Кейр Стармер елдің келесі премьер-министрі болып бекітілуі күтілуде.

“Өзгеріс осылай басталады. Бұл сіздердің қоғамдарыңыз, сіздердің ойларыңыз, сіздердің болашақтарыңыз. Сіздер дауыс бердіңіздер, енді берген уәдемізді орындайтын уақыт келді”, – деді Стармер.

Фото: AP nuotr

Елдің қазыргі премьері Риши Сунак қарсыластарын жеңісімен құттықтады.

"Бұл сайлауда лейбористік партия жеңді, мен Кейр Стармер мырзаға телефон шалып, жеңісімен құттықтадым. Лондонға барып премьер-министр қызметінде істеген жұмыстарым туралы толық ақпарат беретін боламын", – деді қазіргі премьер-министр Риши Сунак.

Консервативтік партия арасындағы саяси мәселелер 2021 жылдың соңында, сол кездегі премьер-министр Борис Джонсонның COVID-19 коронавирусына байланысты қатаң оқшаулау кезінде өткен кештерге қатысқаны белгілі болған кезде басталды. Партия сол кезден бастап халықтың сенімінен айырыла бастаған. Жанжалдардан кейін Джонсон отставкаға кетіп, 2022 жылдың қыркүйегінде Лиз Трасс премьер-министр қызметіне келді. Алайда Лиз Трасс жұмыстың ауырлығына шыдамай қызметтен бас тартқан. Қазан айында бұл қызметке Сунак келді. Еске салсақ, консервативтік партия Ұлыбританияда 14 жылға жуық уақыт билікте болды.

Сириялық ер адам 7 жасар қызды зорлаған: Түркияда этникалық қатқтығыс басталды

Фото видеодан алынды

Түркияның Кайсери қаласында Сирия азаматының кәмелеттік жасқа толмаған қызды жәбірлегені туралы ақпарат тараған. И. А есімді Сирия азаматы базар дәретханасында нағашысының қызы 7 жасар сириялық М.А.-ға жыныстық зорлық көрсеткені белгілі болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тараған.

Оқиғаға байланысты Кайсери бас прокуратурасы тергеу бастады.

Ақпарат қала тұрғындарының иммигранттарға деген ашу-ызаны тудырды. Бұл хабарды естіген халық топтасып көшеге шыққан. Олар босқындарға қарсылық білдіріп, әртүрлі тәртіпсіздіктер жасаған. Сириялық босқындардың көліктері мен дүкендері өртеніп, босқындар тұратын аудандарда қақтығыстар болған.

"Жәбірленуші түрік емес. Күдікті қазір қамауда", – делінген Кайсери провинциясының полиция басшысының мәлімдемесінде.

Қақтығыс кезінде 14 полиция қызметкері мен 1 өрт сөндіруші жарақат алған.

Оқиғалар әртүрлі провинцияларға таралып, Хатай, Газиантеп, Кайсери, Кония, Бурса және Стамбулда босқындардың жұмыс орындары нысанаға алынды.

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая сириялық босқындарға қарсы әрекеттерде 474 адамның ұсталғанын хабарлады.

Беларусь Шанхай Ынтымақтастық ұйымынa ресми түрде қосылды

Фото: Ақорда

Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) толыққанды мүшесі болды.

Беларусьті ұйымға қабылдау туралы құжатқа Астанада өткен саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды.

Бұған дейін Беларусь ШЫҰ-да бақылаушы мәртебесіне ие болған.

"Беларусь Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына толыққанды мүшелікке өту жолында қажетті рәсімдерді аяқтады. Егер қарсылықтар болмаса, кездесуді Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге қабылдау туралы құжаттарға қол қою рәсімінен бастауды ұсынамын. Беларусьті ШЫҰ-ға қабылдау туралы шешім қабылданды”, – деп мәлімдеді Тоқаев.

Бұған дейін "ҚазАқпарат" агенттігіне берген сұхбатында Беларусь президенті Александр Лукашенко Беларусь үшін ШЫҰ жай ғана халықаралық ұйым емес, стратегиялық перспектива екенін айтқан болатын.

"ШЫҰ Беларусь үшін жай ғана халықаралық ұйым емес. Бұл стратегиялық перспектива. Ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылда көлік, логистика, ақпараттық-коммуникациялық және басқа да инфрақұрылымдарды дамыту маңызды. Жаңа қызметімізде біз өз бастамаларымызды да ортаға салатын боламыз", – деді Лукашенко.

ШЫҰ-ның іргетасын қалаған Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары алғаш рет 1996 жылы Шанхайда бас қосып, Ресей мен Қытай арасындағы шекара тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойған болатын.

Бастапқыда ұйым "Шанхай бестігі” ретінде құрылған, бірақ 2001 жылы ұйымға Өзбекстан мүше болғаннан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп аталды. 2017 жылы ұйымға Үндістан мен Пәкістан, кейінірек Иран қосылды.

ШЫҰ-дағы бақылаушы елдер – Моңғолия мен Ауғанстан, диалог бойынша әріптестер – Түркия, Әзірбайжан, Египет, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Катар, Армения, Камбоджа, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма, Непал және Шри-Ланка.

ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарына мүше елдер арасындағы өзара сенімді нығайту, аймақта бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында ынтымақтастықты дамыту, терроризммен бірлесіп күресу, экономикалық ынтымақтастықты дамыту және мәдени өзара іс-қимылды кеңейту кіреді.

Дағыстан мүфтияты никаб киюге тыйым салды

Фото: pixabay.com

Дағыстан мүфтияты республикада никаб киюге тыйым салды. Бұл шара “қауіптер жойылып, жаңа теологиялық қорытынды жасалғанға дейін" уақытша енгізіледі деп хабарланды.

Никаб киюге тыйым салу  мәселесін Дағыстан мүфтиі бұған дейінде көтерген. Билік мұны "тұрғындарының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді" деп түсіндірді.

Никабқа тыйым салу туралы пікірталас Дағыстандағы лаңкестік әрекеттен кейін басталды. Алайда никабқа тыйым салу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген.

Департаменттің шешімінде жергілікті тыйым "қауіпсіздік мақсатында" енгізілуі мүмкін, бірақ ол "тек сыртқы факторларға байланысты және уақытша болуы керек" делінген.

Айта кетейік, никаб (арабша "жамылғы") — әйелдердің бет-әлпетін толықтай жауып тұратын, тек көзге арналған тар саңылаулары бар бас киім. Әдетте, қара матадан жасалады.

Израиль Газа секторында ұсталған 55 палестиналықты босатты

Бостандыққа шыққандар арасында Аль-Шифа ауруханасының басшысы Мұхаммед Әбу Салмия бар. Оны 2023 жылдың қарашасында Израиль әскерилері ХАМАС-қа жасырынуға және жасырынған мекемені операцияны жоспарлау үшін база ретінде пайдалануға рұқсат берді деген күдікпен ұстаған.

Әбу Салмия Израиль билігін тұтқындарға "күнделікті физикалық және психологиялық қорлық көрсетеді" деп айыптайды.

Сәуір айында Израиль қорғаныс күштері Газа секторындағы Аль-Шифа ауруханасындағы әскери операцияның аяқталғанын хабарлаған еді. Әскерилердің хабарлауынша, ауруханада 200-ге жуық ХАМАС содыры өлтіріліп, тағы 500 лаңкестік күдікті ұсталған еді. 

Үндістанда діни шара кезінде 120-дан астам адам қаза тапты

Фото: Reuters

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында, Хатрас ауданындағы діни жиналыста төбелес болып, 121 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға Рати Бханпур ауылында болды. Адамар әйгілі уағызшы Бхоле Бабаның уағызын тыңдауға жиналған. Мұндай діни кездесулер сацанг деп аталады.

Зардап шеккендерді анықтау әлі де жалғасуда, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар.

Құрбандар саны 121-ге жеткен. Тағы 28 адам жарақат алды.

Уттар-Прадеш үкіметінің басшысы Манож Кумар Сингхтің айтуынша, қаза тапқандар арасында 108 әйел мен жеті бала бар.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди төбелес кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетуге уәде берді.

Төбелеске нақты не себеп болғаны белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, шығатын есік тым тар болып, адамдар бір-бірін таптап кеткен.

Хатрас полиция бөлімінің жауапты қызметкері Ашиш Кумардың айтуынша, төбелес шараға тым көп адам жиналғандықтан болған.

"Келушілер саны әкімшілік рұқсат еткен шектен асып кетті, бұл халық төбелесіне әкелді", – делінген мәлімдемеде.

Мемлекеттік билік оқиғаны тексеру үшін жоғары деңгейдегі арнайы комиссия құрылғанын айтып, қазіргі уақытта әкімшіліктің басты міндеті зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстарына жан-жақты көмек көрсету екенін атап өтті.

Талқылау