Ұлыбритания билігі Каримованың құны 25 миллион доллардан асатын мүлкін тәркіледі
Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримованың екі пәтері мен зәулім үйін Ұлыбритания билігі тәркіледі. Мүліктің құны 25 миллион доллардан (11,3 миллиард теңге) асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.uz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Serious Fraud Office (SFO) Ұлыбританиядағы Гүлнар Каримоваға тиесілі үш сәнді мүлікті тәркілеген. Бұл туралы қадағалау органының мәлімдемесінде айтылған. Ол Лондонның беделді Белгравиа ауданындағы екі пәтер мен Суррейдегі зәулім үй. Олардың құны 20 миллион фунттан (11,3 миллиард теңге) асады.
SFO мәліметінше, Гүлнара Каримова және оның отбасы бұл мүлікті Өзбекстандағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен түскен ақшаға сатып алған. Олар Каримованы 2004-2012 жылдар аралығында телекоммуникация компанияларынан Өзбекстандағы нарыққа шығуға көмектесу үшін жүздеген миллион доллар пара алған деп айыптайды.
SFO 2018 жылдың қазан айында Каримованың британдық активтерін, соның ішінде үш мүлкін тәркілеу туралы сотқа шағым түсірген. Агенттік хабарламасында айтылғандай, Ұлыбританияның Жоғарғы соты 8 тамызда бұл талапты қанағаттандырды.
Еске салайық, Гүлнар Каримова бірнеше жылдан бері Өзбекстанда жазасын өтеп келеді. 2020 жылдың наурыз айында Жоғарғы сот оның қылмыстық топ құру, алаяқтық, қаржы жымқыру және басқа да қылмыстар бойынша 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.
Швейцариядағы, Франциядағы, АҚШ-тағы және басқа да бірқатар елдердегі Гүлнар Каримоваға қатысты активтердің жалпы сомасы шамамен 1,4 миллиард долларға бағаланады. Өзбекстан үкіметі олардың біразын қайтаруға тырысуда.