Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК "OrdaMed" фармкомпаниясының басшылығын ұстады: Мемлекеттік шығын 4,5 миллиард теңге

ҰҚК OrdaMed фармкомпаниясының басшылығын ұстады: Мемлекеттік шығын 4,5 миллиард теңгеФото: Видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіз комитеті “OrdaMed” АҚ фармацевтикалық компания басшыларының ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. 

“OrdaMed” АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген”, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіз комитеті.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

Тінту шаралары кезінде “OrdaMed” АҚ басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленіп, “Interdentica”, “Erkin Brand” және “OrdaMed” компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды. 

“Сот санкциясымен "OrdaMed" АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 11:31