Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚҚ 2023 жылы Қазақстанда екі террорлық әрекеттің жолы кесілгенін мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына ведомствоның 2023 жылы атқарған жұмысының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

терроризм

ҰҚҚ ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр ҰҚК бөлімшелері елімізде екі террорлық әрекеттің және шетелдің арнаулы қызметтерімен бірге өзге мемлекеттердің аумағында үш лаңкестік акцияның алдын алғаны жөнінде баяндалған. Лаңкестік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 43 адам сотталғаны айтылады. Сонымен қатар жыл бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен терроризмге қарсы 208 командалық-штабтық және 196 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткен.

“Ермек Сағымбаев экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жиі кездесетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі жөнінде айтты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы 1,5 триллион теңгеден астам қаржы түскен, соның ішінде мемлекеттік бюджетке қайтару бастамасы аясында 680 миллиард теңгеден аса қаржы қайтарылды. Сонымен қатар кездесуде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұйымдасқан 15 қылмыстық топ қызметінің жолы кесілгені, сондай-ақ 681 қару мен 85 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленгені туралы айтылды”, – делінген ақпаратта.

Сонымен қоса есірткі бизнесіне қатысты да ақпарат берілген. Аталған бизнеске қарсы іс-қимыл бойынша 36 зертхана жойылған. 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі арнасына тосқауыл қойылып, 3,6 тонна есірткі тәркіленген.



ҰҚК халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік әріптестерімен бірқатар операцияны жүзеге асырғаны атап өтіледі.

Ақпаратқа қарағанда, мемлекеттік шекараны күзету саласында құқық бұзған 31 мыңнан астам адам ұсталған. Қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 739 әрекетке, сондай-ақ жалпы сомасы 11,7 миллиард теңге болатын валюта мен алтынды, сомасы 12,6 миллиард теңгені құрайтын тауарды тасымалдауға жол берілмеген.

“Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері мемлекеттік органдардың ресурстарына және елдің маңызды стратегиялық инфрақұрылым нысандарына жасалған 86,3 миллион кибершабуыл мен 2156 DDoS-шабуылды тойтарған”, – деп қосты ҰҚҚ.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма бергені нақтыланды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі Астана, Шымкент қалаларында және Ақтөбе облысында радикалды топ мүшелерін ұстағаны белгілі болған.

Талқылау