Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақта жеке әндерімді шығарғым келеді": Атыраулық жас өнерпаз талантын бүкіл Қазақстанға паш етті 

Сағындырған әндерді еске алып, оларды заманауи нақышта тыңдарман қауымға ұсынатын Yeski Taspa жобасының екінші маусымы аяқталуға жақын. Jusan қолдауымен өткізіліп жатқан жобаның бұл маусымында жас орындаушы талантын бүкіл Қазақстанға паш ету мүмкіндігін иеленді. Жобада жолы ашылған өнерпазбен Stan.kz тілшісі сөйлесті.

20 жастағы әуесқой музыкант Рауана Матаева – Атырау облысы Құлсары қаласының тумасы. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Халық әні" мамандығы бойынша білім алуда. Оның айтуынша, жобаға қатысуға  байқау жарияланғанын естіген кезде бірден қатысуға шешім қабылдаған.

"Жобаға байқау жариялағанын Instagram желісі арқылы біліп, қатысуға шешім қабылдадым. Себебі бұл өте танымал жоба әрі мұндағы жұмыстың кәсіби деңгейі қатты қызықтырды. Сондықтан өз бағымды сынап көргім келді. Негізі басында екі ойлы болғанмын,  бірақ жақын адамдардың қолдауының арқасында мүмкіндікті жібермедім", - дейді өнерпаз.

Көрермен таңдауымен өзі айтқан кавер ең үздік танылғанда ол қатты қуанып, эмоциясына ерік берген.

"Бұл жеңіс маған шабыт сыйлады. Әрі қарай еңбек етуім керегін ұғындым. Байқауда жеңген күні жобаның продюсері хабарласып, дайындыққа шақырды. Бұл менің бэндпен бірге алғашқы жұмысым болғандықтан, қобалжыдым. Бірақ жоба ұжымы қолдау көрсетіп, бәрі сәтті өтіп кетті. Ұжымдағы барлық адамға алғысым шексіз", - дейді жеңімпаз.

Рауана бала кезінен музыкаға жақын болып өскен. Оның ән әлеміне деген жолын анасы ашып, қызының болашағына үлкен үмітпен қараған.

"Өмірімді музыкамен байланыстырғаныма көп уақыт болды. 10 жасымнан бастап анам байқауларға апарып, өнерге дәріптеді. Кейін музыканы тастамай мамандырылған арнайы мектепке түсіп, одан кейін колледжді бітірдім. Ол болашақта мені үлкен сахналардан танымал әнші ретінде көргісі келетінін жиі айтатын. Жақындарымның үміті үлкен мотивация береді", - дейді Рауана.

Айта кетсек, Yeski Taspa жобасының кезекті сегізінші шығарылымында Рауана талай қазақстандықтың жүрегін жаулаған "Бәйтерек" тобының "Сен" әнін тебірентіп орындап шықты. Сөзінше, лирикалық музыканы жаны сүйетін оған ұйымдастырушылардың таңдауы ұнаған. 

"Лирикалық әндер дауыстың әдемілігін көрсетеді және адам жанына тыныштық сыйлайды, сол үшін де ұнатамын. Қазақстан эстрадасында да өзіме ұнайтын бірнеше әншілер осы жанрда ән шырқайды. Айта кетсем, Құрмаш Мақан, Гүлсім Мырзабекова , Қазыбек Құрайыш, Hey Monro, Kyle ruh және т.б. әншілердің өнері ұнайды. Жобада айтқан әніме келсек, бұл ән байқау шартында болды. Яғни осы әнге кавер түсіру керек еді. Мені бұл туынды балалық шағыммен байланыстырады. Кішкене кезімнен тыңдап өскен ән", - дейді ол. 

Рауана өзінің шығармашылық жолы осындай танымал жобадан басталғанына қатты қуанышты екенін жасырмады.

"Жоба маған тәжірибе, жаңа көзқарас және сенімділік берді. Есте қалатын әдемі кезең болды. Осындай жас таланттарды қолдайтын жобаны ұйымдастырған Jusan ұжымына үлкен алғыс білдіремін. Болашақта өзімді осы музыка индустриясында көргім келеді. Қазір кавер түсіру арқылы халыққа өзімді таныстырып жүрмін. Болашақта жеке әндерімді шығарғым келеді", - дейді өнерпаз. 

Айта кетейік, Yeski Taspa жобасын Jusan қолдауымен Artjaq музыкалық алаңы жасайды. Жобада отандық әншілер әртүрлі тарихи кезеңде танымал болған әндерді қайта жаңғыртып, орындайды. Мәселен, екінші маусымға Рауанамен бірге Назима, Садриддин, Ayau сынды әншілер қатысса, бірінші маусы Нұржан Керменбаев, Yenlik, Qanay сынды әншілердің орындауындағы әндермен тыңдарманның есінде қалды.  Жаңа нақышта орындалған өткен дәбарлық музыкалық платформалардан тыңдап, YouTube-тегі Artjaq арнасынан тамашалауға болады.

Талқылау