Қанат Бозымбаев сүйінші сұрады
Қашаған қара алтын бере бастады. Бүгін депутаттар алдына есебімен келген энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай сүйіншіледі. Кен орнынан күніне 75 мың баррель мұнай алынып жатыр екен. Сондай-ақ министр демалыс күндеріндегі бензин тапшылығын да сөз етті.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Сенбі, жексенбі, Астананың жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек болды… Кей жүргізушілер бензинді сағаттап күтсе де, бос багымен қайтып жатты. Жанармайдың жоғалуы мен бензин бағасының қымбаттап кетуін бүгін депутаттар министрден сұрады. Қанат Бозымбаев желіде жұрт жазған соң аязға қарамай Астананың бекеттерін өзі аралап келіпті. Жанармай тапшылығына да аязды айыптаған министр күн суықта бензинге сұраныс екі есеге артты деп отыр.
“Кеше ғана өзім сол стансаларды аралап шықтым. Жағдай түзелді. Негізгі себеп – қатты аязда бензинге деген сұраныс екі жарым есеге өскен. Сондықтан «ҚазМұнайГазда» тапшылық туындаған. Негізі, аталған стансаларда күнде 100 тонна бензин сатылады. Ал өткен сенбі сұраныс күрт өсіп, 220 тоннаға жеткен”, – дейді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Қазмұнайгаз мұндай сұранысқа дайын болмаған. Бірақ мәселені шештік деген министр бензин бағасы қымбаттаған жоқ деп санайды екен. Жанармайға тапшылық болмайды деген Бозымбаев импортқа тәуелділіктен 2018 жылы құтыламыз деп сырғытып қойды.
“Өткен жылы қарашада 127 теңге болған. Бүгін 130-дың шамасы. Әрине кішкентай станциялар 134-ке сатады”, – дейді министр. Жанармай тағдырына алаңдаған депутаттарға министр сүйінші хабарын айтты. Көп күткен Қашағаннан коммерциялық мұнай өндіру басталған. Қараша айындағы есеп бойынша күніне кен орнынан 75 мың баррель қара алтын алынады.
Жіберіп алмаңыз:
Серік Ахметов үкіметке 150 миллион теңге қайтарудан бас тартты
Назарбаев: Халық шағымын сотқа айта ма әлде президентке хат жазып жүре бере ме?
Назарбаев: “100 қадамды” шайқақтатуға жол бермеймін
Сот студент қыздың үстінен түсірген Мұхамедиұлының шағымын қабылдаудан бас тартты