Энергетика министрі әлеуметтік желідегі өзіне қатысты пікірлерге жауап берді
ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев полиэтилен пакеттерден біртіндеп бас тарту туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Энергетика министрі әлеуметтік желілердегі пікірлерге жауап берді.
“Мен әлеуметтік желілерде, соның ішінде фейсбукте, энергетика министрлігінің полиэтиленнен басқа айналысатын ісі жоқ па деген сыңайдағы жазбаларын оқып тұрамын, әрине. Шын мәнісінде, бірқатар қоғамдық ұйым мен экологтар министрлікке жүгінді, біз де аталған мәселені зерделеп жатырмыз”, – деді ол үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, мұндай ұсыныс, ең алдымен қолданыстағы Экологиялық кодекске байланысты. Оған сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиэтилен және басқа да бірқатар зиянды затты көмуге тыйым салынады. Сондай-ақ министр полиэтилен ұзақ жылдар бойы ыдырамайтынын, сәйкесінше қоршаған ортаға үлкен зиян тигізетінін атап өтті. Осы орайда министр қатты желде Астананың сыртына шыққан кезде, ұшып жүрген пакеттерді жиі көруге болатынын айтты.
Қазіргі уақытта энергетика министрлігі полиэтилен пакеті баламасын табу үшін халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр. Тиімді балама табылса полиэтилен пакеттері басқаға ауыстырылады. Қазір бұл пакеттерді тегін таратпау мәселесі қаралып жатыр.
“Біз тыйым салу әдісін қолданғалы отырған жоқпыз. Мен әртүрлі өңірлерде тұрдым, сонда байқағаным – оңтүстікте тегін таратады, солтүстікте керісінше сатады. Сондықтан тым болмағанда ортақ шешімге келуіміз керек”, — деді Бозымбаев.
Бұдан бұрын, Қазақстанда полиэтилен пакеттер тегін берілмейтінін хабарлаған едік.
Тағы оқыңыз:
Елімізде заңсыз ит етін сатып, одан тағам жасайтын мейрамханалар көбейген
Қазақстандағы барлық рейстік автобустар тексерілетін болды
Ақмола облысы тас жолында Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар автобус құтқарылды