Сарапшы: Шындығында емші бала Ербосынның адамдарды емдей алатын қасиеті жоқ
КТК арнасындағы “Диагноз” бағдарламасының тілшісі нейролингвистикалық бағдарлама маманы Жанна Нұрсейітовадан емші Ербосынның сұхбатын көруді сұрады.
Сарапшының айтуынша, ол Қазақстанда емшілігі жақсы екі адамды ғана көрген.
“Ербосынның шын мәнінде адамдарды емдейтін қасиеті жоқ. Адам бірнәрсеге сенсе, дертінен айығып жатады. Оның емшілігі осылайша жақсы әсер етіп жатыр”, – дейді Жанна.
Ербосынның өзі адамдарды емдей алатынына сенеді. Сарапшының айтуынша, Ербосын өзіне сенімді болған соң да адамдар оған нанып жатыр.
“Егер оған жеңіл аурулармен келсе, онда қиын емес. Егер қатерлі дерпен келгендер болса, оның емі дарымай көз жұмса сол қиын. Емші сол кезде өзінің емшілігі жоқ екеніне көзі жетіп, адамдарды алдап емдейтін болады. Немесе емшілігін біржола қояды”, – дейді маман.
Ербосын емшілік қасиетінің өз бойына атасынан дарығанын айтады.
“Бәрі менің есімнен талып қалуымнан басталды. Кейіннен адамдарды емдеу керектігімді түсіндім. Денем жарылып кетердей болды. Адамдарды емдесем, жақсы болып қалам”,- дейді Ербосын.
Қазір Ербосынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар ағылуда. Тіпті Ресей мен Қытайдан келгендер бар. Емші бала күніне 200 адам қабылдайды.
Қытай бишісі Қайырбекке дәрігерлер аяғына ота жасау керектігін айтқан. Ол Ербосынның емін алып, 3 күнде әсер еткенін, қазір аяғы ауырмайтынын айтады.
Емшінің анасы баласы үшін алаңдайды.
“Балама сақтанып жүру керектігін айтып отырам. Емге келетіндердің ішінде құмалақшы, балгер, экстрасенстер, өзге де бәсекелестер бар. Ұлым маған басу айтып, “маған атамның қасиеті қонған, сондықтан емдеуге қаншалықты күшім жетеді солай емдей берем” дейді”, деді анасы Данагүл Жиренбаева.
Ербосын емімен қатар мектептегі сабағын да оқып жатыр. Ол ән айтқанды жақсы көреді. Тіпті әртіс болсам деген арманы бар.
Тағы да оқыңыз:
Алматылық жігіт 5 жыл іздеп тапқан қызбен Димаштың концертіне баруды жоспарлап отыр
7 баламен көше кезген келіншекке қайырымды жандар үй салып бермек