ҰБТ түбегейлі өзгереді: Министрлік тестілеуге қандай өзгерістер енгізілетінін айтты
Фото: testcenter.kz
Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің елеулі өзгерістерге ұшырайтынын айтты. Осы орайда Stan.kz ведомстводан тестілеудің форматы қалай болатынын, қандай өзгерістер енгізілетінін сұрап көрді.
Министрлік мәліметінше, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өзгерту жұмыстары кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылады.
"Ұлттық бірыңғай тестілеуді үздік әдіснамасы мен сапасы бар халықаралық тестілеу жүйесіне айналдыру үшін ETS (Educational Testing Service) ұйымының әлемдік деңгейдегі үздік мамандарын тартамыз. Осылайша арнайы жұмыс тобы құрылады. ҰБТ жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылады, яғни 5 жылдық кезеңдік жоспар әзірлейміз", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін айтты.
"2026 жылы тестілеу форматына өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Барлық өзгерістер ғылыми тұрғыдан зерделеніп, шетелдік және отандық тәжірибелі маман-сарапшыларымен мұқият талқыланады. Білім бағалау жүйесіндегі өзгерістер және олардың маңыздылығы мен күтілетін нәтижелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзгерістердің кезең-кезеңімен енгізілетінін айтқан еді. 2026 жылы ешқандай өзгерістер болмайтынын, бұл мәселе жан-жақты талдаудан өткен соң ғана тәжірибеге қосылатынын жеткізген.
ETS дегеніміз не?
ETS (Educational Testing Service) – АҚШ-тағы ең ірі және беделді білім беру саласындағы бағалау және тестілеу орталығы. Ол 1947 жылы құрылған, орталық кеңсесі Принстон (Нью-Джерси штаты) қаласында орналасқан.
ETS – коммерциялық емес ұйым, яғни табыс табуды емес, білім сапасын арттыруды мақсат етеді.
Educational Testing Service немен айналысады?
ETS (Educational Testing Service) әлем бойынша білімді, дағдыны және кәсіби қабілетті әділ бағалау жүйелерін әзірлейді.
Ұйымның басты бағыттары:
Халықаралық тестілер дайындау:
TOEFL (Test of English as a Foreign Language) – ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын ең танымал тест;
GRE (Graduate Record Examinations) – магистратура мен PhD бағдарламаларына түсуге арналған тест;
Praxis – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін бағалауға арналған тест.
Білім беру жүйесін зерттеу және талдау:
ETS өз зертханалары мен сараптамалық орталықтары арқылы білім сапасын арттыруға арналған ғылыми зерттеулер жүргізеді. Ұйым оқу жетістіктерін өлшеудің ғылыми негізделген әдістерін жасап, оларды түрлі елдердің ұлттық тест жүйелеріне бейімдеуге көмектеседі.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
