ҰБТ-дан жоғары балл алса да, қалаған оқуына түсе алмаған 10 талапкер ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы сотқа шағым түсірді
Грант дауына байланысты 10 талапкер ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Өткен аптада ғылым министрлігі талап етілмеген 3928 гранттың тізімін жариялады. Жыл сайын қосымша берілетін бюджеттік орындар қалады.
“16 тамызда өткен баспасөз мәслихатында оқуға түспеген талапкерлер ғылым және жоғары білім министрлігінен 25 тамызға дейін лайықты мемлекеттік гранттарын қайтаруды сұрады. Себебі бұл – құжат қабылдаудың соңғы күні. ҰБТ-да жоғары балл жинаған, бірақ әлі жоғары оқу орындарына түспеген балалар бұл орындарға сенімді болған жоқ. Ол қашан беріледі, мүмкін берілмей ме, белгісіз болды, сондықтан олар арыздануға шешім қабылдады”, – деді адвокат Халида Әжіғұлова.
Бастапқыда екі талапкер төтенше квота бойынша грант бөлуді заңсыз деп тануды талап етіп, әкімшілік сотқа арызданған. Татуласу рәсімі бойынша кездесу 28 тамызға белгіленді. Заң бойынша алдымен дауды медиация тәртібімен шешу ұсынылады.
Дәл 28 тамызда министрлік қосымша гранттар тізімін ұсынып, сотқа арыз берген түлектер де бұл тізімге іліккен. Екеуі де таңдаған мамандықтары бойынша қалаған оқу орындарына түсті. Олардың талаптары орындалды.
Қосымша гранттар көптеген талапкердің мәселесін шешкендіктен, сотқа жүгінбеді. Бірақ төтенше квота кесірінен қалаған мамандыққа немесе оқу орнына түсе алмай қалғандар көп.
“Бір жігіт халықаралық қатынастар саласына оқуды армандап, ҰБТ-ны сәтті тапсырды. Бірақ төтенше квотаның кесірінен өте алмай, саясаттану мамандығын таңдауға мәжбүр болды. Ал өткен аптада министрлік халықаралық қатынастарға осы талапкерлерге қарағанда аз ұпай жинаған балаларға гранттардың қосымша тізімін жариялады. Бұл тағы да әділетсіздік және наразылық тудырады”, – деді адвокат.
Өткен аптаның соңында 10 талапкер қалаған мамандық бойынша лайықты гранттарын қайтаруды талап етіп, сотқа шағым түсірді.
Қазіргі уақытта бұл квотаның заңдылығын тексеру үшін бас прокуратура өкілдерімен жеке кездесуге 40-тан астам адам өтініш білдірген.
Еске салсақ, бұған дейін грантқа түспей қалған алматылық түлек Медина Майсар ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген еді.