Яндекс Go қазақстандықтардың жеке мәліметі Ресейдің қауіпсіздік қызметі үшін қолжетімді болатыны туралы ақпаратқа жауап берді
Қазақстандық "Яндекс.Такси Корп" ЖЖШС компаниясы қазақстандықтардың жеке мәліметі шетелдік қауіпсіздік қызметіне берілетіні туралы ақпаратқа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Қазақстандағы "Яндекс.Такси" қызметіне қатысты мәліметтерге тәулік бойы рұқсат алатыны туралы жаңалық тараған.
Компания өкілдерінің айтуынша, Ресейдегі заңның Қазақстан аумағына және оның тұтынушыларына қатысы жоқ. Себебі такси қызметін Ресей шекарасынан тыс аумақта қолданады. Бұл 1 қыркүйектен кейін де өзгермейді.
"Қазақстанда Яндекс Go сервисін ұсынатын "Яндекс.Такси Корп" ЖШС компаниясы тұтынушылардың жеке мәліметтерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сай өңдейді. Сонымен қатар мәлімет иесінің барлық құқықтарын қамтамасыз етеді", – делінген хабарламада.
Ал Қазақстандағы сервис жұмысымен байланысты мәліметерді шетелдік құзырлы органдар тек ресми сауал арқылы және халықаралық бекітілген норма аясында сұрай алады.
"Біздің компания ақпараттардың қауіпсіздігі, қолжетімділігі, тұтастығы жөніндегі SOC2/3 халықаралық есебімен бекітілген қауіпсіздік саясатының жоғары стандартын ұстанады", – деп қосты компания өкілдері.