Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Фото: Аzh.kz
Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп таныды:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша – “Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру”.
- Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы бойынша – “Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бөтеннің мүлкін қасақана жоюы”.
Сотталушыларға тағылған айыптардың жиынтығы бойынша сот олардың әрқайсысына ерекше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұған дейін прокурор екі айыпталушының да ерекше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде жазасын өтеп, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бұл жазамен Янаның анасы мен оның өкілі келісті.
Қылмыскерлер тағылған айыптарды мойындағанына қарамастан, соңғы сөзінде Ризуан Хайржанов соттан өзінің “әлі жас екенін және өмірдің рахатын көргісі келетінін” ескеруді сұрады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділдің айтуынша, Ризуан Хайржановтың әкесі соттан баласын ақтап шығуды сұраған. Ол іс бойынша негізгі айғақтардың бірі хат алмасуды “екі жас жігіттің арасындағы әзіл-қалжың әңгіме” деп атады.
Яна Легкодимованың өлімі: Айыпталушылар марқұмның анасынан кешірім сұрады
Бұған дейін сот отырысы кезінде Янаның анасы Галина Легкодимова сөз сөйлеп, қызының 23 жасқа келгенше пәк болғанын, үйден шықпай, тек оқуымен, жұмысымен және өзін дамытуымен айналысқанын айтты. Сондай-ақ ол қызының күдіктілердің бірінен жүкті болып қалғанына сенімді. Айтуынша, осы себепті айыпталушы қызды тез арада өлтірген.
Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Аз уақытта ораламын деп ойлаған ол күртешесін де алмаған көрінеді. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
Сот барысында Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандар өз кінәсін мойындады.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді